Биылғы жылы баспана бағасы қандай болатынын айту қиын. Ranking.kz агенттігінің мәліметі бойынша, тұрғын үйлерді сату-сатып алу келісімшарты 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайған.
Біздің газетімізде жарияланған хабарландырулардағы бағаларға тоқталайық. Әңгіме қайталама нарық жайында болмақ.
Мәселен, Привокзальный ықшамауданы мен Балықшы кентіндегі бір бөлмелі пәтерлерге 45 000-50 000 доллар сұрап тұр.
Ал, Алмагүл мөлтекауданын-дағы бір бөлмелі пәтер 42 000 – 50 000 доллар шамасында, кейде одан да асып кетеді. Нұрсая ықшамауданындағы бір бөлмелі пәтер, сатушылардың пікірінше, 50 000-61 000 доллар тұрады.
Азаттық даңғылындағы бір бөлмелі пәтер үшін 43 000 доллар сұрап тұр. Ал, Авангард ықшамауданындағы бір бөлмелі пәтердің құны – 45 000 доллар. Екі, үш, төрт бөлмелі пәтерлер бағасы бір бөлмелі пәтерлерге қарағанда қымбаттау тұрады.
Көкарна елдімекенінде 6 сотық жер телімі ауласында салынған 50 шаршы метр алаңы бар 2 бөлмелі «времянкаға» 22 000 доллар сұрап тұр. Сол бағаны Жұлдыз-2 ықшамауданындағы 10 сотық жер телімі ауласында салынған, тұрғын үй алаңы 70 шаршы метр болатын екі бөлмелі үйге де сұрап тұр. Дәл осы ықшамауданда 80 шаршы метр алаңы бар 3 бөлмелі үйді 23 000 долларға бағалапты.
Енді аудандардағы баспаналарға келсек, Махамбет ауданы болашағы зор аудан саналады, мұнда ұсыныс та, сұраныс та баршылық. Махамбет поселкесіндегі 136 шаршы метр тұрғын үй алаңын алып жатқан 4 бөлмелі үйге (саунасы, көлікжайы, демалыс бөлмесі, сарайлары, жеміс ағаштарымен бірге) 82 500 доллар сұрап тұр. Алмалы ауылында құрылысы бітпеген екі қабатты, 6 бөлмелі, 284 шаршы метр алаңы бар үйге 170 000 доллар сұрап тұр. Индер ауданында 243 тұрғын үй шаршы метрді алып жатқан 4 бөлмелі үйді дүкен, көлікжайымен бірге 45 000 долларға бағалап отыр екен. Құрманғазы ауданында 180 шаршы метрді алып жатқан қамыстан салынған 5 бөлмелі үйді 7 сотық жер телімімен бірге 22 000 долларға сатып тұр. Сатушылар «саудаласуға болады» деп жиі жазады, сатып алушылар бұл мүмкіндікті барынша пайдаланып жүр. Сондықтан баспананың негізгі құны өзара келісім арқылы қойылады.
Айнұр САПАРОВА