Бір ай бұрын Индербор кентіндегі Тайсойған көшесі №9 үй мекенжайы бойынша орналасқан 70 пәтерлік бесқатарлы тұрғын үйдің шатыры ұшып кетті. Оны қалпына келтіру жұмыстарына әзірге ешкім кірісе қойған жоқ.
Мұндай жағдай, өкінішке орай, бірінші рет қайталанып отырған жоқ. 2009 жылы шатырды осы себеппен қалпына келтірген. Бірақ жұмыс сапасыз орындалып, шатыр қайтадан ұшып кеткен.
70-шы жылдары салынған үй тұрғындарының айтуынша, ол ПИК балансында жоқ. Өткен жылы күзде демеушілердің арқасында подъезд терезелері пластикке ауыстырылған. Терезелер жан-жағы бітелмегендіктен діріл қағып тұр. Тұрғындар үй төбесіне шығып қарағанда шатырдың бір бөлігі жоқ болған, бар төбе жабындысының быт-шыты шыққан (суретте).
Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұқамбетқали АЛДЕРЗИН мәселенің шешімі көбіне-көп ПИК-тің құрылуына байланысты деп отыр.
- Комиссия өткен жылы желтоқсанның басында қатты жел болып, әлсіз шатырдың бір бөлігі ұшып кеткенін анықтады, онда акт жасалды. Біз Атырау облыстық ауа райын болжаушылар орталығына хат жібердік. Егер шатыр табиғат апаты салдарынан құлаған болса, онда оны қалпына келтіру үшін облыстық ТЖ-дан қаржы сұрамақпыз. Ал, оған жатпаса, онда тұрғындар терможаңғырту арқылы жөндетуге қол жеткізуі керек. Ол үшін олар ПИК құруы қажет. Себебі, демеушілікпен қаржы таба алмай отырмыз.
Тұрғындар ПИК құруға шамалары жетпейтінін айтып отыр.
- ПИК құру үшін қажетті техника, көп қаражат керек. Ал, ПИК құрып, оған басшылық етуге кім-кімде ықыласты емес, -дейді тұрғындар.
Шатырсыз үйдің жайы белгілі. Ендігі бар үміт метеорологтарда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА