Еуропа Одағы (ЕО) мен АҚШ Шығыс Украинадағы жағдайдың күрт шиеленісіп, зорлық-зомбылықтың күшейгенін айыптады.
Донецк қаласы солтүстігіндегі Бугас елдімекенінде қаңтардың 13-інде жолаушылар автобусына артиллериялық снаряд түсіп, 11 адам қаза тапқан. Ресми Киев автобусты сепаратистер атқылады деп санайды. Бірақ сепаратистер жетекшісі бұл шабуылға жауапкершіліктен бас тартқан.
АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Мари Харф автобустың атқылануы мен Донецк әуежайы маңында қақтығыстың күшеюі "Ресей қолдайтын сепаратистердің бітім шартын сорақы түрде бұзып отырғанын айқын көрсетеді" деп мәлімдеді.
Брюссельде ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини Шығыс Украинадағы жағдайдың қайта шиеленісуі қыркүйек айында Минскіде атысты тоқтату туралы жасалған келісім талаптарын сақтау қажеттігін айқындай түседі деді.
Автобусқа шабуылды "жүрек ауыртарлық әрекет" деп атаған Украина президенті Петр Порошенко сепаратистер "бұл кісі өлімі үшін жауап береді" деп мәлімдеді.
Дереккөз: azattyq.org