Атырау, 23 қараша 09:19
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Арман алға жетелейді

4 689 просмотра

24 жастағы атыраулық Гүлнұр ҒАББАСОВА (суретте) -  «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бірі.  Ол былтыр Кардифф қаласының университетін үздік тәмамдады.

Гүлнұр Ұлыбританияда болуды бала күнінен армандады. Арманына жетті де. Бірақ бірден орындала қойған жоқ. Мектеп бітірісімен ол Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне оқуға түседі, кейін онда екі жыл оқып, отбасында туындаған қаржы мәселесіне байланысты әрі қарай оқуын Атырау мұнай және газ институтында жалғастырады. 

- Оқуыммен қатар «Сайпем» компаниясына ресепшн болып жұмысқа орналастым, - дейді Гүлнұр. - Жұмысқа мені бала күнімнен үйрене бастаған ағылшын тілін жақсы білгендігімнен алды. 2011 жылы оқуымды үздік бітірдім, мені ТШО-ға әуелі тәжірибеден өтуге, кейін жұмысқа шақырды. Онда жобаны жоспарлау бөлімінде жұмыс істедім. Жұмыс жасап жүргесін білімім толық емес болып көрініп, өзіме өзім көңілім толмады. Оның үстіне шетелде, соның ішінде Ұлыбританияда білім алсам деген арманым да болды. 2013 жылдың ақпанында тәуекелге бел буып, «Болашақ» бағдарламасымен Кардифф университетіне түсу үшін құжат тапсырдым. Мен «өз бетімен түсу» санатын таңдадым. Маған екі жыл жұмыс тәжірибесі қажет болатын, содан кейін кез келген университетті таңдауға болады. Мен Ұлыбританияның төрт университетін таңдадым да, IELTS емтиханын тапсырдым. Жеткілікті балл жинап, төртеуі де оқуға шақырды. Тиісті құжаттар жинап, Астанаға конкурстардан өтуге бардым. Бірінші кезеңде қазақ тілінен тест тапсырдым. Екінші кезеңде психологиялық тест сұрақтарына жауап бердім. Кейін әр министрлік өкілдерімен сұхбат болды. Олар тарихқа қатысты, ҚР Конституциясы бойынша және менің таңдаған «логистика және операциялық менеджмент» мамандығыма қатысты сұрақтар қойды. Мен орамал тағатын болған соң, оған да қатысты сұрақ қойды. Мен барлық сұрақтарға жауап беріп, сәтті өттім. Бізге мемлекет ай сайын 1200 фунт стипендия төлеп тұрды. Қазір мен қайтадан ТШО-ға жұмысқа орналастым, мені қуана қабылдады. Менде бәрі жақсы.

- «Болашақ» бағдарламасымен оқығысы келетіндерге қандай кеңестер берер едің?

- Алдымен бұл бағдарлама туралы интернеттен біліп алу керек, әр жылы өзгерістер болып тұрады. Міндетті түрде Қазақстанда сұраныстағы мамандықты таңдау керек, әйтпесе, барлық құжаттар кері қайтарылады. Мәселен, қаржыгер мамандығын таңдағандармен солай болды.

- Шетелде оқып келгеннен соң жалпы өмірге деген көзқарасың қалай өзгерді?

- Қанша дегенмен Еуропаның білім стандарттары бізден әлдеқайда жоғары ғой. Онда барып келгелі бізде әрбір салада қызметкерлердің саны артық екені байқалады. Артық жұмыстардың шығып тұратынын байқадым. Бізде оңтайландыруды қажет ететін тұстар көп, бірақ шетелде оқып келгендер жалақысы жоғары жұмысты іздейді. Ал, жүйені өзгерту үшін мемлекеттік қызметке орналасайық десек, онда жалақы аз. Шетелдік компанияларда жақсы төлейді және сен жаңа көзқарастағы адамдармен жұмыс істейсің. Ал, мемлекеттік қызметте отырған басшылар әдеттегідей бұрынғы көзқарасты ұстанатындар, олармен жұмыс істеу жастарға қиын.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Зинат ОРЫНБАСАРОВА

8 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.