Атырау, 21 желтоқсан 14:53
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 690 просмотра

«Атырау» командасы Алматы қаласының орталық бассейнінде өткен су добынан Қазақстан кубогында екінші орын алды. 

Команда құрамында Ернұр Қойлиев, Александр Палухин және Бағдат Мыңбаев нәтижелі соққыларымен көзге түсті.

***

 

 

Француздың Ницца қаласында еркін күрестен «Анри Делане» 40-ыншы халықаралық турнир өтті. 

Бұл жарыста Қазақстан чемпионы, атыраулық Азамат Өміржанов (74 келіге дейін) сәтті өнер көрсетті. Ол бес жеңісті белдесу өткізді, соның ішінде өзінің байырғы қарсыласы, әлем чемпионатының жүлдегері армениялық Григор Григорянды тізе бүктірді. Алайда финалда Франция құрамасының өкіліне есе жіберіп қойды. Азаматты Марат Жанғалиев жаттықтырады.

***

 

Шамиль Серіковті еске алуға арналған ашық республикалық турнирде грек-рим стиліндегі атыраулық палуандар екі жүлде ұтты. 

Турнирдің ақтық сайысына шыққан спортшылар ҚР құрамасы сапында 2015 жылдың басында Минскіде өтетін Белоруссия құрамасымен матчтық кездесуге қатысу құқығына ие болды. Атыраулықтардың ішінен «күміс» жүлдеге ие болған Мирас Рахметоллаев (55 келіге дейін) жолдама алды. Осы салмақта Асылбек Қосаманов «қола» алды.

***

 

Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВ (суретте) 2014 жылы жеткен жетістіктер мен 2015 жыл жоспарлары туралы әңгімелеп берді.

- Біз Нұрсая ықшамауданынан жоғары спорттық шеберлік мектебін (ЖСШМ) аштық. Мектеп 18-ге толған спортшыларға спортты тастамай, өз шеберліктерін әрі қарай шыңдай беруге және оған қоса жалақы алуға мүмкіндік тудырады. Мұны ашуға облыс әкімдігі үлкен көмегін тигізді.

Мұз сарайының базасында Қысқы спорт түрлері академиясы ашылды. Бұл жерде балалар мәнерлеп сырғанаумен, шорт-трек және хоккеймен тегін шұғылдануға мүмкіндік алды. Спортшылар үшін тегін киім-кешек алынады, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары өтеді.

2015 жылы Атырауда теннис корты мен ипподром құрылысы басталады. Миялы мен Доссор ауылдарында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі салынды. Облыстағы барлық стадиондарды күрделі жөндеу, сондай-ақ, екі аудан орталығында стадион салу жоспарлануда. Махамбет және Жылыой аудандарында ДСК салу да жоспарда бар.

Жаңа жылда Атырауда бірнеше маңызды жарыстар ұйымдастыру жоспарланып отыр: ауыр атлетика мен грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаттары, жастар арасында дзюдодан ҚР чемпионаты, таэквондодан ҚР чемпионаты, қазақ күресінен ҚР Кубогы, Қазақстан бокс федерациясының құрметті президенті Асқар Құлыбаев сыйлығына арналған (бұрын Оралда өтетін) және И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлын еске алуға арналған бокстан «А» дәрежелі халықаралық турнирлер, кикбоксингтен ҚР чемпионаты, Ресей мен Қазақстанның үздік кикбоксшылары қатысатын шоу, еркін күрестен халықаралық турнир, жастар арасындағы баскетболдан ҚР чемпионатының туры; жекпе-жектен Әлем кубогы және т.б.

Байдарка мен каноэда есу тобын шаруашылық есепте жұмыс жасайтын және тұрақты қаржыландыруы бар су спорты түрлері клубының балансына беру жоспарлануда. Жақсы нәтижелер көрсеткен ескекшілер ЖСШМ-ге алынады.

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА 

***

 

Шу қаласында 1997 ж.т. жасөспірімдер арасында баскетболдан Қазақстан чемпионатының соңғы туры өтті.

Чемпионат қорытындысы бойынша «Атырау» командасы күміс медаль иеленді. «Алматы» командасы чемпион атанды. Бұл жерде біздің ұжымымызда негізінен 1998 ж.т. ойыншылар ойнағанын айта кеткен жөн.

«Атырау» ойыншысы Әлішер Төлеуов чемпионаттың үздік ойыншысы деп танылды. 

31 желтоқсанда 1-БЖСМ спорт залына мектеп басшылығы мен команда жаттықтырушылары Амантай Торғаев және Рүстем Төлеуов ойыншыларға ҚР спорт шеберлігіне үміткер куәлігін табыс етті.

***

 

Кипрдің Лимасcол қаласында 1998-99 ж.т. кадеттер арасында самбодан әлем чемпионаты өтті. 

1-БЖСМ шәкірті Асқар Есбосынов «қола» иеленді. Болгария мен Украинадан келген қарсыластарын ұтқан ол жартылай финалда ресейлікке есе жіберіп қойды, ал 3-орын үшін айқаста грузин спортшысын тізе бүктірді. Жүлдегерді Қ. Досқалиев пен Б. Қошқаров жаттықтырады. 

***

 

 

Атыраулық самбошылар Талдықорғанда өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсетті. 

1-БЖСМ шәкірті Нұрсұлтан Нұрлығайын (74 келіге дейін) «алтыннан» алқа тағып, ҚР спорт шебері нормативін орындады. Береке Қоңқақов (1-ОРМБЖСМ) пен Аманбек Аруов (4-БЖСМ) «қола» иеленді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

8 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.