Атырау, 22 қараша 10:03
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Ақынды еске алды

2 507 просмотра

Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында Қазақстанның халық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың 75 жылдығына арналған шаралар легінің қорытындылау кеші өтті.

Ал, оған дейін облыстық әкімдіктің қаржыландыруымен бірнеше үлкен республикалық деңгейде іс-шаралар өткізілді. Н. Жантөрин атындағы облыстық филармония І республикалық көркем сөз оқу шеберлерінің конкурсын ұйымдастырса, ҚР Жазушылар одағының Атырау филиалы мен «Алтын топшы» қоғамдық бірлестігі ақындардың республикалық жабық мүшәйрасын өткізді, облыстық мұражайда ақынға арналған көрме көрсетілді.

Қорытындылау кеші барысында театр әртістері Фаризаның өмірі мен шығармашылығынан қойылым қойып, өткізілген байқауларда топ жарған жүлдегерлер марапатталды. Халық ақынының мерейтойына арналған мүшәйраның қазылар алқасының төрағасы, ақын Әлия ДӘУЛЕТБАЕВАНЫҢ айтуынша, байқау жабық түрде өткен, яғни, ақындар әділ қазылар алқасына өз өлеңдерін жасырын есіммен жіберген:

- Бұл жершілдікке, таныс-тамырлыққа жол бермей, бәйгенің әділ өтуіне мүмкіндік жасайды. Біз байқауды үш ай бұрын жарияладық. Әділетсіздік орын алмас үшін әділ қазылар мүшелерінің де аттары жасырын ұсталды. Еліміздің әр түкпірінен 35 ақын өз шығармаларын жіберді. Байқау қорытындысында ұзақ сараптамадан кейін «Әсемқоңыр» деген лақап атпен өз шығармасын жіберген жерлесіміз Бақтыгүл БАБАШ бас жүлде алды. Сыйлықтар қоры да қомақты болды. Бас жүлде – 300 мың, 1-орын – 250 мың, 2-орын – 150 мың теңге, 75 мың сыйақысы бар үш 3-орын берілді. Сонымен қатар, тағы 12 қатысушыға 50 мың теңгелік арнайы сыйлық тапсырылды.

І республикалық көркем сөз оқу шеберлерінің конкурсына еліміздің әр облысынан 20-ға жуық жас өнерпаздар келген екен. Бұл байқауда да жерлесіміз Назира ӘШІМ жеңімпаз атанды. Оған 180 мың теңге сыйақы табысталды. 1-орын иегері 150 мың теңге алса, 2-орынға 120 мың, 3-орынға 100 мың теңге бәйге тігілген. Қалған қатысушыларға 30 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді.

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

8 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.