Жол қозғалысы ережесіндегі өзгерістердің арасында көлік ішінде балаларға арналған автокреслолардың (немесе арнайы тұтқыр құрылғылардың) болуы туралы тармақ үлкен резонанс туғызды. 7 қаңтардан кейін 12 жасқа дейінгі балаларды осы құрылғысыз тасымалдау едәуір мөлшерде айыппұл төлеуге әкеп соқтырады. Жергілікті такси қызметінің басшыларына комментарий алу үшін хабарласқанымызда, олар біраз уақытқа дейін балаларды тасымалдаудан бас тартуға мәжбүр болатындарын айтты.
Айдын БАҒЫТЖАНОВ, «Мандарин» такси қызметінің директоры:
- Біз бюджетке автокреслолар сатып алу шығынын енгізгіміз келеді, ал бұған дейін бізге балалары бар жолаушылардан бас тартуға тура келеді. Өйткені бірден автокреслоларды сатып алуға мүмкіндік жоқ. Біздің таксопаркіміз кішкентай, бар болғаны 11 машина. Кем дегенде жартысын жарақтаймыз, өйткені жолаушы балалар көп. Бізде мектепке апарып, мектептен әкелу үшін таксиге тапсырыс беретін клиенттер бар.
Асхат ОСПАН, «Тұлпар» такси қызметінің директоры:
- Бізде таксопарк емес, диспетчерлік қызмет. Біз жеке көлігі бар жүргізушілерді жалдаймыз. Оларды автокреслолар сатып алуға мәжбүрлей алмаймыз ғой. Ал жалпы осы жаңалықты қала ішіне қолдану орынсыз деп есептеймін. Мәселен, клиенттің 2-3 баласы бар, әр балаға кресло немесе арнайы құрылғы керек. Ал сонда ата-анасы қайда отырады? Меніңше, қала ішіне осы креслоларсыз жүруге болады, бізде онсыз да әр жерде жылдамдық шектеулі, орташа алғанда 40-50 шақырымды құрайды. Мен бұл жаңалық қалааралық трассаларға қолданылуы тиіс деп есептеймін.
Гүлнар ОҢАЕВА, «Карат» такси қызметінің директоры:
- Дұрысында, біз арнайы тұтқыр құрылғыны сатып алатын боламыз. Бірақ жаңа заң төбеден жай түскендей болды, тіпті бізге дайындалуға да уақыт берген жоқ. Біздің қалада мұндай құрылғы жоқ, оған тапсырыс берсең ұзақ күтесің. Ал сол үшін жүргізушілердің барлығына айыппұл салады, оларға обал ғой. Клиенттер үшін де жағымсыз тұсы бар, өйткені біраз уақытқа баласы барларға қызмет көрсетуден бас тартуға тура келеді.
Берік ЖҰМАҒАЛИЕВ, «Макси» такси қызметінің директоры:
-Мен ғаламтордан арнайы тұтқыр құрылғылар туралы ақпарат қарадым. Олардың бірнеше түрі бар екен: балалар люлькасы, ағытылмалы кресло, бустер-жастық, бағыттаушы иықбау. Бәлкім, біз Фэст иықбауын алатын шығармыз, бұл қымбат емес. Бірақ тіпті біз осы иықбауларды сатып алсақ та, бұл міндетті түрде автокресло болуы міндетті деп басшылығы миына құйып тастаған автоинспектордың бізге айыппұл салмайтындығына кепілдік емес.
Ең кішкентай балаларды тасымалдауға арнайы автокреслолар болуы керек, ол қымбат тұрады және біраз уақытқа оларды алмайтын шығармыз. Біз әлдебір пайыздарды жоғалтармыз, бірақ операторлар енді клиенттер баламен бе, жоқ па, жасы қаншада деп сұрайтын болады. Әрине, біз көп жоғалтамыз, өйткені 50 пайызы таңертеңгілік баланы балақшаға, мектепке, ал кешкісін кері үйлеріне әкелу үшін қоңырау шалады. Не істейміз енді, жүргізуші үшін 10 мың теңге айыппұл да көп ақша.
Менің сауалыма жауап бергендердің баршасы да көлденең шығындарға байланысты таксимен тасымалдау бағасын көтермейтіндіктерін нық айтты.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА