- Осыдан үш жыл бұрын дәрігерлер ота арқылы денемде пайда болған жарықты (грыжа) алып тастаған болатын. Ол жарық қазір қайта шығып отыр. Дәрігерлер ота жасамаймыз, себебі, ол орнына қайтадан шығып кетеді, - дейді. Білейін дегенім, денемде пайда болған жарық ұлғайып, жүріп-тұруыма, жұмыс істеуіме қиындық туғызып отыр. Осыған байланысты маған мүгедектік туралы анықтама қағазы беріле ме? Дәрігерлер маған бір келіден артық салмақ көтеруге болмайды деген болатын.
Телефон арқылы
Бұл сауалға Атырау облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің методология және медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бастығы Эмилия ГРЕЧАНИК жауап береді:
- Жарықты әуелі көзбен көріп, медициналық тұрғыда тексеру қажет. Сырттай тон пішуге болмайды. Бұл адам өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емханаға жолығып, емдеуші дәрігердің алдынан өтуі тиіс. Медициналық комиссиядан өткен соң да, талас тудыратын мәселелер шығып жатса, бізге науқасты дәрігерлік комисссия кеңесіне жібереді.
Жергілікті емханадағы медициналық тексеру қорытындысына сәйкес, науқастың мүгедектігі анықталған жағдайда ғана, емдеуші дәрігері оны бізге жібереді. Бұл жерде қандай жарық, оның көлемі қаншалықты үлкен, емдеуге келе ме, отадан кейінгі жағдайы қалай, осы секілді тұстарын анықтап алу керек. Ең алдымен аурудың себебін табу маңызды.