Фото: gazeta.ruАмериканың Гуантанамо түрмесінде 11 жылдан астам уақыт отырған бес адам Қазақстанға ауыстырылды, - деп хабарлайды AFP Пентагонға сілтеме жасап.
Гуантанамо түрмесі Кубадағы шығанақта, АҚШ ұзақ уақытқа жалға алған әскери-теңіз базасында орналасқан. Қазақстанға Йеменнің үш азаматы (Асим Табит Абдулла әл-Халаки, Мұхаммед Әли Хусайн Ханаян, Сабри Мұхаммад Ибрахим әл-Кураши) және Тунистің екі азаматы (Адел әл-Накиими мен Абдулла Бин Әли әл-Люфти) ауыстырылды.
Агенттіктің мәліметінше, бес сотталушының жеке мәліметтерін бірнеше үкіметтік құрылым мұқият тексергеннен кейін жер аудару туралы шешім бірауыздан қабылданды. Енді Гуантанамода жазасын өтеушілердің қатары 127 адамға дейін азайды.
Еске сала кетейік, 20 желтоқсан күні АҚШ президенті Барак Обама Конгресті Кубадағы түрмені жабуға кезекті рет шақырған болатын. Обаманың пікірінше, Гуантанамо түрмесінің жұмысы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Осылайша, бұл түрмедегі адамдар өзге елдерге біртіндеп таратылмақшы.
Гуантанамо әскери түрмесінде терроризмге қатысы бар адамдар жаза өтейді. Барак Обама 2009 жылдың 22 қаңтарында, қызметке кіріскеннен екі күннен кейін бұл түрмені жабу туралы өкімге қол қойған.
Дереккөз: tengrinews.kz