24 желтоқсанда Д. Нұрпейісова атындағы мәдениет үйінде «Ақ Жайық» газетіне жазылушылар арасында дәстүрлі лотерея ойнатылды. Биыл 2 112 жазылушы өз бақтарын сынады. 15 қатысушы 10 000 теңгелік ынталандыру сыйлықтарының иесі атанса, 10 адам 50 000-нан 500 000 теңгеге дейін ақшалай ұтыс алды. Ал, екі оқырманымыз 1 млн теңгелік екі супер сыйлықтың иегері болды. Жаңажылдық мерекелер қарсаңында ұтыстарын ұсыну сәтінде бақыттылардың кейбірімен әңгімелестік.
Исатай ауданы Х. Ерғалиев ауылының тұрғыны Қойшыбек СҮНДЕТОВ 10 000 теңгелік ынталандыру сыйлығының иегері атанды:
- Біз «Ақ Жайыққа» көптен бері жазыламыз. Лотерея ойнауға үнемі қатысамыз, алайда жолымыз болмады. Мен үмітімді үзбедім. Ұтыс ойналған күні залда болған таныстарым телефон соғып, бірдеңе ұттың деп хабарлады. Қомақты ақша емес, алайда өте қуаныштымын.
Исатай ауданы Аққыстау ауылының тұрғыны Аман ШАҒЫРОВ 60 000 теңге ұтты:
- «Ақ Жайыққа» көп жылдардан бері жазыламын және жыл сайын лотереяға қатысуға тырысамын. Өткен жылы тіркелмедім, қатысқан жоқпын, ал, бастығым сол жылы үлкен сыйлыққа ие болды. Бұл сәтін салса, шынымен де ұтуға болатынын тағы бір растады. Биыл қызым менің өтінішіммен соңғы күн дегенде лотереяға қатысуға тіркеп үлгерді. Міне, ұтыс қолымда! Сәттілікке сеніңіздер, ол міндетті түрде келеді деп баршаңызға айтқым келеді!
Исатай ауданы Аққыстау ауылының тұрғыны Қожантай СЫДЫҚОВ (90 000 теңге):
- «Ақ Жайыққа» біз жыл сайын жазыламыз, бұл әдетке айналды. Алайда осы жылдардың ішінде лотереяға бірде-бір рет қатыспаппын. Биыл бағымды сынап көрейін деп қатысқанмын, міне, жолым болды! «АЖ»-ның барлық оқырмандарына жаңа жылда тек сәттілік тілеймін!
Атырау қаласының тұрғыны, бұрын дәрігер болған, қазір зейнеткер Эдуард ЗАХАРЯН 100 000 теңге ұтты. Әңгіме барысында ол «Ақ Жайықты» дүңгіршіктерден сатып алғаннан гөрі жаздырып алған тиімді екенін атап өтті:
- Үйден шығуға кейде ауа райы, кейде денсаулық кедергі келтіріп жатады, ал пошташы көп жылдар бойы сүйікті газетіме айналған басылымның жаңа нөмірін уақытында жеткізіп отырады. Үйде ұтысыма барлығы өте қуанды, зейнеткерлер үшін бұл керемет сыйлық қой. Жаңа жылда баршаңызға қуанышты сәттер және, әрине, сәттілік тілеймін!
Атырау қаласының тұрғыны Жолдас ҚҰСАЙЫНОВ 200 000 теңге ақшалай сыйлықтың иегері атанды:
- Біз бірнеше жылдан бері «Ақ Жайыққа» жазыламыз. Бұрын сатып алатын едік, алайда жазылу ыңғайлы әрі көп арзанға шығады екен. Әрине, ұтысыма өте қуаныштымын! Барлығыңызға зор денсаулық, бақыт тілеймін!
Исатай ауданы Жанбай ауылының тұрғыны, 300 000 теңге ұтқан Қайрат ХАЙРЕДЕНОВ көп сөйлемеді, алайда ұтысына өте риза екен:
- Көп жылдан бері жазылғанмен, лотереяға бірінші рет қатысып тұрмын. Міне, бірден ұтысқа ие болдым! Өмірімдегі бірінші ұтысым...
Атыраулық Қайрат РАХАШЕВҚА 400 000 теңгелік ұтыс бұйырыпты:
- Бұл біздің үшінші рет қатысуымыз, міне, сәттілік те келді. Ақшаны ұтқанымыз өте жақсы болды, жақында несиеге көлік алып едік. Енді несиенің бір жылын бірден төлеп тастай алатын болдық!
Атырауда тұратын зейнеткер Жұбай САПАРОВ 500 000 теңге ұтып алды:
- «Ақ Жайыққа» биыл үшінші рет жазылып отырмын. Жазылушылар арасындағы лотереяға қатысқан жоқпын. Биыл қызым Сәуле қатыс деп көндірді, міне, жолым болды!
Атыраулық Ғинаят ЖҰБАНӘЛИЕВТІ редакцияға кіріп келе жатқан жерінен кездестірдім және «не ұттыңыз?» деп бірден сұрадым. Жасы егде тартқан ер адам жас балаша жымиып, «Миллион...» деп сыбырлады.
- «Ақ Жайыққа» көп жылдардан бері жазыламыз, осы жылдар бойы лотереяға қатысып, бағымызды сынап келеміз. Бұған дейін ештеңе шықпаған, міне, енді бірден бас жүлдеге ие болдым! Ұтысым туралы газеттен оқыдым. Жолдасым екеуміз әзірге ешкімге айта қойған жоқпыз, балаларға тосынсый жасамақпыз...
Барлық оқырмандарымызға көп рахмет айтамыз. Жаңа жыл құтты болсын!
Жазып алған Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор