Атырау, 28 қараша 01:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Ақ жайық» 2014 жылы не туралы жазды?

4 098 просмотра

Қаңтар

Облыстық перзентханада бірден екі үшем: 8 қаңтарда Аман, Есен және Жүрсін, ал, бес күннен кейін – Милана, Радмила және Темірлан есімді сәбилер дүниеге келді. Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Бергей Рысқалиевтың ҰҚҚ» ісі бойынша айыптау қорытындысын оқу басталды. Оның мәтіні 10 мыңдай парақтан тұрады. Алдын ала айтар болсақ: осы теңдесі жоқ іс бойынша үкім 14 қарашада жарияланды, сот процесінің негізгі кезеңдері туралы «АЖ», №48, 27.11.2014 күнгі санындағы «Экс-әкімнің ісі бойынша процесс: таңдаулы тараулар» мақаласын қараңыз. Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылында бес адамнан тұратын отбасы иіс тиіп қайтыс болды: 28 жастағы анасы мен оның үш кішкентай баласы бірден көз жұмды. 35 жастағы отағасы ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қайғылы жағдайға себеп болған табиғи газбен жұмыс жасайтын жылыту жүйесінің жарамсыздығы.

 

Ақпан

Теңге девальвациясы: ірі дүкендердегі өнеркәсіп тауарларының баға көрсеткіштерінің барлығы кассада 20-30 пайызға қымбат екені анықталады. Облыстық әкімдікте, еліміздің басқа өңірлеріндегідей, азық-түліктердің бағасына бақылау жасау штабы құрылды. Атырауда бірнеше адам Исатай-Махамбет алаңында девальвация мен бағаның көтерілуіне қарсы наразылық акциясын өткізді.

 

Наурыз

Облыстық экология департаменті Аджип ҚКО мен NCOC компанияларына Қашағандағы алау қондырғыларында 2,8 млн текше метр қышқыл (шикі) газды өртегені үшін 134 миллиард теңгеге экологиялық зиянды өтеу туралы ұйғарым жолдады. Әрі қарай консорциум бұл ұйғарыммен келіспей, түрлі сатыдағы соттарға шағымданды. Ал жыл аяғында энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин «АЖ» тілшісіне айыппұл сомасы, дұрысында, азайту тұрғысында қайта қаралатындығын меңзеді. 18 наурызда қатты дауыл Атырау мен аудандардағы 39 ғимараттың шатырларын жұлып әкетті немесе қатты бүлдіріп тастады. ТЖ департаменті бастығының айтуынша, шатырлардың неліктен әлсіз болғандығын анықтаумен арнайы комиссия айналысады.

 

Сәуір

Ауқымды «Бекіре-2014» балық қорғау акциясының бірінші апталығының қорытындысы жасалды: браконьерлерден 37 келі қызыл балық тәркіленді. ҚР Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қ.Мұсапарбеков: «Мен браконьерлер қорықты деп ойлаймын», деді. Алайда, мәселен, Жұмыскерде балық қорғау инспекторлары тіпті килікпейді де. Жылыой аудандық соты Құлсары қаласының ерлі-зайыпты жұбына ҚР ҚК-нің 233-4 бабы («Экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды тарту») бойынша үкім шығарды. Олар 4 жастан 14 жасқа дейінгі өздерінің алты баласын «кәпірлерді» жек көруге тәрбиелеп, бүкіл отбасымен Сирияға «жиһадқа» кетуді жоспарлаған. Отағасына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, анасы да жаза алғанымен, балаларының үлкені кәмелеттік жасқа жеткенше жазасы кейінге шегерілді. Қызылқоға ауданында «Алматы - Атырау» жолаушылар пойызы апатқа ұшырады. 13 вагон рельстен шығып кетіп, оның 7-уі бүйірлеп қалды. Құрамда 586 жолаушы мен 26 жолсерік келе жатқан, 28 адам зардап шекті, оның екеуі ауыр жарақат алды. Кейіннен сотқа екі жолшы тартылды, тергеу болжамы бойынша олар жолдарды жөндеу кезінде технологияны бұзған, осының салдарынан рельстер майысып кеткен. Екеуі де бір жыл мерзімге шартты түрде жаза алды. 21 сәуірде қаржы полициясының қызметкерлері Исатай АІІБ бастығы Алтынбек Құбайдуллинді «олардан 250 мың теңге мен 3 келі қара уылдырық алу кезінде» ұстады (ЭжСҚКД баспасөз хабарламасынан). Ұсталғаннан кейін майордың халі нашарлап, оны БСМП-ға апарған. Қойылған күзетке қарамастан, ол жерден қашып кеткен. Ал, 27 сәуірде ол қараусыз қалған құрылыс алаңында асылған күйде табылды. Құбайдуллинді ұстау және оның денесін табу фактісі бойынша  ҚР ҚК-нің «Заңсыз ұстау» және «Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды. Әрі қарай іс Қаржы полициясы департаментінің екі қызметкері – А.Сарин мен Б.Ертаевқа қатысты «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бабы бойынша сотқа жетті. Қарашада №2 қалалық сот процестің екі тарапының өтінішін қанағаттандырып, бұл қылмыстық істі қосымша тергеуге жіберді.

 

Мамыр

NCOC баспасөз қызметі D аралынан «Болашақ» зауытына дейін мұнай мен газ тасымалдауға арналған екі құбырдың толықтай ауыстырылуға тиесілі екенін хабарлады. Жеткізушілер мен мердігерлерді таңдау бойынша жаңа тендер жоспарланды. Жайық өзенінде бір күнде бірден үш бала: Жұмыскерде 15 жастағы бала мен ММС поселкесінде 14 жастағы екі бала суға батып кетті. Денелері табылып, судан шығарылып алынды. Сүңгуірлердің пікірінше, қайғылы жағдайға өзендегі су тасқынына байланысты күшті ағым себеп болған. «ҰБТ және жанжалдар»: ҰБТ тапсырған күні талапкерлерден АМУ аудиториясына кіргенге дейін 2 мыңдай ұялы телефон тәркіленіп алынды. 10 адам тест тапсырудан шеттетілді. Кейінірек, Атырау облысында орташа балл 62,09 пайызды құрады (2013 жылы - 74,1), «Алтын белгіге» 152 үміткердің тек 30-ы ғана белгіні алды, үздік аттестатқа 80 үміткердің тек 8-і ғана өз білімдерін растады.

 

Маусым

Атырау қаласының жаңа әкімі болып бұрын Исатай ауданының әкімі болған Нұрлыбек Ожаев тағайындалды. Бұрынғы әкім Серік Айдарбековті (Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бағалауы бойынша, «болашағы зор, өте сауатты адам») ҚР президентінің әкімшілігіне алып кетті. Атырауда Францияның Құрметті консулдығы ашылды. Рәсімнің бейресми бөлімінде Джо Дассеннің ұлы музыкант Джонатан Дассен концерт берді.

 

Шілде

«Жайық азайып барады»: Атыраудағы отырыста Қазақстан-Ресей комиссиясы соңғы 20 жылда өзендегі су көлемі екі еседен астам – 12-ден 5 текше шақырымға дейін азайғандығын баяндады.

Тамыз

Қалалық әкімдіктің кеңесінде қоғамдық көлік жұмысы талқыланды. Жылдан жылға көлік қызметкерлеріне шағымдар өзгермейді: қозғалыс кестесін бұзу (жолаушыларды жинап, жарты сағаттап аялдамаларда тұрады, содан соң шоқ басқандай зымырайды), Газельдердің лық толуы, қызметкердің салдыр-салақ сыртқы түрі мен дөрекілігі, медициналық бақылаудың жоқтығы (маршруттардың бірінде ұзақ уақыт бойына ашық түрдегі туберкулезбен ауыратын жүргізуші жұмыс жасады). Атырау түрмесінен Аджип ҚКО компаниясының итальяндық топ-менеджері Флавио Сидани бостандыққа шықты. 2010 жылы ол есірткі сақтап, өткізгені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Мерзімінің үштен екісі өткенше тергеу изоляторының әкімшілігіне үш мәрте шартты мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берді. Бірақ бірде-бір өтініші қабыл алынбады (онымен еш ажырасқылары келмеді). Итальяндық тікелей сотқа жүгінгеннен кейін ғана шартты мерзімінен бұрын босатуға қол жеткізді.

 

Қыркүйек

Атырауда фармацев-тикалық зауыт құры-лысы басталды. Пайдалануға беру 2015 жылдың аяғына жоспарланып отыр. Зауыт жыл сайын 800 млн таблетка, 78 млн ампула, 24 млн құты антибиотиктер шығармақ. Ата-бабалардың жауынгерлік өнері: облыс орталығында алғаш рет садақ ату бойынша қалалық чемпионат өтті. «Путин мен Назарбаев не туралы сыбырласты?»: Атырауда ҚР мен РФ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті.

 

Қазан

9-нда Атырау-Астрахан тас жолында «Фольксваген-Шаран» мен «Тойота-Камри» қарама-қарсы соқтығысып қалды. Сол жерде минивэннің жүргізушісі, оның 73 жастағы жолаушысы мен 14 жастағы жолаушысы, сонымен қатар Тойотаның 67 жастағы жолаушысы қаза болды. Ал үш күннен кейін Атырау-Орал тас жолында «Лада Гранта» жылқыға соқтығысты. Рөлде отырған 22 жастағы Индер АІІБ сержанты мен оның екі жас жолаушысы көз жұмды.

 

Қараша

Алаңғасар жолаушы Атырау қаласы әуежайының дәретханасына сөмкесін ұмытып кетті. Нәтижесінде саперларды күтіп, тексеру жүргізгенше, Астанаға, Алматы мен Стамбулға ұшатын рейстер бірнеше сағатқа кешіктірілді. Тұтынушылар құқығын қорғау департаментіндегі кеңесте қалалық тасымалдаушылар биліктің өздеріне шығын келтіріп жұмыс істеуге мәжбүрлей алмайтындығын және жолақы төлемі 100 теңгеге дейін көтерілуі тиіс екендігін мәлімдеді. 

 

Желтоқсан

Мүлік пен ақшаны жариялау процесі басталған үш ай ішінде Атырау облысында жалпы сомасы 1,4 млрд теңге сомада тұрғын үй нысандары мен 1,3 млрд теңге тұрғын емес нысандар жария етілді. «Көлеңкедегі» ақшаны әзірге ешкім шығарған жоқ. Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында жергілікті дәрігерлердің әрекетсіздігінен медициналық көмекті ала алмастан ыстық сорпаға күйіп қалған 7 жастағы бала көз жұмды. Рубль бағамының құлдырауынан атыраулықтардың көпшілігі «ескі» баға бойынша көлік сатып алу үшін Астрахан мен Ресейдің басқа қалаларына ағылды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерінің көлемі 9 пайызға, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 7 пайызға өседі, Атырауда қайта есептеу жүргізіліп қойған. АМӨЗ-де хош иісті көмірсутек өндіру кешенінде іске қосу-реттеу жұмысын бастау рәсімі өтті. Мұнайды терең өңдеу кешені әлі салынуда. Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі Франциядағы Қазақстанның мәдениет күндерінде зор табысқа жетті.

Жаңа жылдарыңызбен!

31 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.