Ганюшкино ауылында Құрманғазы аудандық мүгедектер қоғамы осыдан бір жыл бұрын жұмыссыз жүрген мүгедектердің басын қосып, халыққа қызмет ету цехын ашқан болатын. Бүгінде олардың тұтынушылар қатары көбейген, өйткені, ондағы шеберлер сапаға көбірек мән береді.
Цехта тігін, тұрмыстық техникаларды жөндеу және аяқ киім жөндеу шеберханалары жұмыс жасайды.
- Мүгедектерге берілетін жәрдемақының отбасылы адамдарға жетпейтіні анық, ал ауылда жұмыс көзі саусақпен санарлықтай. Ауылда мүгедек жандар тұрмақ, тепсе темір үзетін жастарға кәсіп табу қиындап кеткен. Біз әкімнің қабылдауына кіріп, осы проблемаларды алға тартып, көмек сұрағанымызда аудан әкімдігі бізге цех ашу жөніндегі идеясын ұсынды, -дейді аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ғилман ҚҰСПАНОВ.
Цех аудандық білім бөлімінің бұрынғы ескі ғимаратында орналасқан. Оның ішін жөндеп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алып беруге «ҚожанОйл» ЖШС мен «Атырау-Жарық» АҚ көмектескен.
Цехқа тұрмыстық заттар үшін қажетті бөлшектерді Ресейден әкеледі. Былтыр тігін шеберханасына Еңбекші және Сафон ауылындағы мектеп оқушыларына 478 мың теңгеге біртектес форма тіктіруге тапсырыс түскен болатын.
- Бізде І, ІІ топтағы есту, сөйлеу қабілетінен айырылған адамдар жұмыс жасайды. Тапсырыс көп, алдағы уақытта ауылдардан филиал ашуды жоспарлап отырмыз. Жақында Дәшін, Теңіз, Нұржау округтерінен филиал ашамыз, -дейді Ғ. Құспанов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА