Ресейлік құқық қорғаушы Сергей Магнитский. АҚШ адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар делінген тағы төрт адамға "Магнитский актісі" бойынша санкция салды. Санкцияға ілінген екі адамның Ресей билігіндегі коррупциялық әрекеттерді әшкерелеген заңгер Сергей Магнитский ісімен байланысы бар.
АҚШ қаржы министрлігінің хабарлауынша, ресейлік аға прокурор Виктор Грин мен аға тергеуші Андрей Стрижовке 2012 жылы қабылданған "Магнитский актісі" бойынша санкция салынады. Грин 2012 жылы содан бір жыл бұрын түрмеде қаза тапқан Магнитскийге қатысты тергеу бастауға бұйрық берген. Ал өткен жылы заңгердің үстінен өлгеннен кейін айыптау үкімі шыққан.
Магнитскийдің жақтастары Стрижовты заңгердің өліміне қатысты кейбір мәліметтерді жасырды деп айыптайды. АҚШ қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, бұған қоса Шешенстан билігінің екі өкілі де санкцияға ілінген.
2012 жылдың соңында қабылданған "Магнитский актісі" 2009 жылы ресейлік заңгер Сергей Магнитскийдің өліміне қатысы бар делінген Ресей шенеуніктеріне виза және қаржылық шектеулер салады.
Мәскеу "Магнитский актісінің" қабылдануын өзінің ішкі ісіне заңсыз араласу деп санайды.
Дереккөз: Азаттық радиосы