Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.Түркіменстанда интернетте ел президентіне тіл тигізуге тыйым салатын заң қабылданды.
Түркіменстан ақпарат құралдарында желтоқсанның 29-ында жарияланған Интернет туралы заң мәтінінде ел азаматтарына интернетте президентке тіл тигізуге немесе ғайбаттауға тыйым салатыны айтылады.
Заңның кіріспесінде құжат түркіменстандықтардың "интернетке еркін кіруіне жағдай жасауға арналғаны" айтылады.
Заңда бұған қоса кәмелетке толмағандардың есірткі, алкогольді пайдаланып, темекі шегуін насихаттайтын, отбасылық құндылықтарға нұқсан келтіретін, ата-анаға құрмет көрсетпеуге арандататын я теріс мінез-құлықты ақтайтын ақпараттарға кіруге шектеу қойылатыны ескертілген. Жаңа заңда порнографиялық сайттарға кіруге де тыйым салады.
Түркіменстанда халықтың көпшілігі үйде интернетті пайдалана алмайды. Түркіменстан коммуникация министрлігі елдегі жалғыз интернет провайдері және президент Гурбангулы Бердімұхамедов 2007 жылы билікке келгеннен бері ашылған интернет-кафелер аз болғандықтан халықтың көпшілігінің интернетке қолы жете бермейді.
Тұрғындар интернет-кафеге кіру үшін төлқұжатын көрсетуі тиіс және олардың интернетте не қарағаны бақыланып отырады.
Дереккөз: Азаттық радиосы