Құрамында 10 адамы бар отбасы Яван теңізінде із-түссіз жоғалып кеткен AirAsia рейсіне кешігіп қалып, аман қалды, - деп хабарлайды РИА Новости австралиялық БАҚ-тарға сілтеме жасап.
Ари Путро Каньехо өзінің электронды поштасын тексермегенін және AirAsia әуе компаниясынан ұшып кету уақыты екі сағат ілгеріге ауысқаны (05.20 жергілікті уақытпен) жайлы хабарды ешкім хабарласып, айтпағанын жеткізді. Бірақ отбасы сонда да әуежайға бірнеше минутқа ғана кешігіп жеткен. Олар компания персоналымен ұрыс-керіске бармай, басқа ұшақпен аттануға шешім жасайды.
Бұдан кейін оларға компания өкілі келіп, жаңалықтан хабардар етеді. "Бұл сіздің отбасыңыздың Рождествоға алған үздік сыйлығы шығар. Сіздер ұшып кетулеріңіз керек болған ұшақ құлады", - деп мәлімдеді ол жолаушыларға. Айта кетейік, әзірше бұл ұшақтың апатқа түскені жайлы ақпарат ресми түрде әлі расталған жоқ.
Air Asia әуе компаниясының Сурабаядан Сингапурға QZ 8501 рейсін орындаған Airbus A320 ұшағы 28 желтоқсанға қараған түні Белитунг аралына жақын маңда, координаттары 03.22.46 және 108.50.07 болатын нүктеде суға құлап түсті. Ақпарат құралдарының мәліметінше, оның бортында 155 жолаушы мен экипаждың жеті мүшесі бар. Бұған дейін Индонезияның вице-президенті Юсуф Калла ел билігінің түн болғандықтан ұшақты іздестіру жұмыстарын ішінара тоқтатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, іздестіру жұмыстары 29 желтоқсанда қайта жаңғыртылады, кемелердің саны көбейіп, іздеу аймағы кеңейеді.
Дереккөз: tengrinews.kz