25 желтоқсанда Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Атырау МӨЗ-де хош иісті көмірсутек өндіру кешенінде (ХӨК) іске қосу-реттеу жұмыстарының басталу салтанаты болды.
«АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ президентке баяндамасынан: «ХӨК К-3 стандартындағы (Кедендік одақ бойынша Еуро-3 аналогы) жоғары октанды бензиндерді, сондай-ақ мұнай-химия саласы үшін шикізат – 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол өндіретін болады. Жобаның жүзеге асуы құрамында бензол мен хош иісті көмірсутектер азайтылған көлік бензиндері қолданылғандықтан зиянды әсерді азайтады. Біз іске қосу сынағына әзірміз!».
Зауыттың баспасөз қызметі хабарлағандай, ХӨК бойынша бүкіл нысандар құрылысы аяқталды. Мұнайды терең өңдеу кешенінің жобасы бойынша технологиялық жабдықтарды монтаждаумен қатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
ХӨК жобалық қуаттылыққа шыққан кезде зауыттағы жоғары октанды бензиндерді шығару екі жарым еседей, мұнайды терең өңдеу кешені қуаттылыққа шыққан кезде үш есеге артады.
Ал ХӨК-ті 2014 жылдың шілдесінде пайдалануға беруі тиіс еді. Кешеуілдеу жобалау мен қытайлық (бас мердігер – Синопек Инжиниринг) және жергілікті стандарттардағы айырмашылық салдарынан жабдықтарды жеткізу кезеңінде орын алды. Нәтижесінде қазір АМӨЗ-де «отын» нұсқасымен жұмыс істеуге – АИ-92-ден АИ-103-ке дейінгі бензиндерді шығаруға мүмкіндік беретін CCR кешенін ғана пайдалануға берді. «Мұнай-химия» нұсқасы бойынша жабдықтарды іске қосу-реттеу 2015 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында күтілуде.
Алайда ХӨК біржола тапсырылғаннан кейін де зауыт біраз уақыт АИ-80 бензинін шығаруды жалғастырады. Ол мұнайды терең өңдеу кешені іске қосылғанда, яғни, 2016 жылы жоғары октанды бензинді шығаруға толықтай көшеді.
Жыл басынан бері кәсіпорын 4 826 075 тонна (АМӨЗ-дің өндірістік қуаттылығы - 5 млн тонна) мұнай өңдеді. Мұндай көлемдегі мұнайды зауыт алғаш рет 1976 жылдан бастап өңдеп келеді.
Телекөпір барысында еліміздің түрлі өңірлерінен салтанатты түрде барлығы 15 жаңа нысан іске қосылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор