«Мұнайшы» спорт кешенінде Кеңес Одағының батыры И. Махоринді еске алуға арналған дойбыдан қалалық турнир өтті.
14 жасқа дейінгі санатта №25 мектептің екінші сынып оқушысы Бекарыс Жұмалиев жеңімпаз атанды. Дарынды бала ересектер арасында да 2-орын алды. Ол тек өз жаттықтырушысы, облыстың чемпионы Берік Молдаштан ғана ұтылды.
Үлкен жасөспірімдер арасында Бекарыстың ағасы – Алтынбек Жұмалиев жеңіске жетті. Басқа жас санаттарында Жанбала Тұрлыбекова (Еркінқала) мен Әнел Секімова (№15 мектеп) жеңіс тұғырына көтерілді.
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА
***
Қызылорда облысының Арал қаласында 2001-03, 2004-05 ж.т. жасөспірімдер арасында спорт шебері Ж. Қазтуғановты еске алуға арналған еркін күрестен республикалық турнир өтті.
Атыраулықтар арасынан Нұржан Мұхтаров (26 келіге дейін) «алтыннан» алқа тақса, Берік Айдарбеков (26 келіге дейін) «күміс», Алмаз Өскенбаев (29 келіге дейін) мен Әділхан Ақмұрзиев (26 келіге дейін) «қола» алды. Құраманың ең кіші палуаны Руфат Асыланұлы (23 келіге дейін) да жүлдесіз қалмады, ол «қолаға» қол жеткізді. Балаларды жаттықтырушылар Асылан Жаманбаев, Айдар Сарбаев, Айдос Лекеров, Данияр Хабдулов және Мырзабек Нұрлыбеков (барлығы 1-БЖСМ) дайындады.
***
Атырауда «Ривьера» стадионында Берік Ералиевті еске алуға арналған футбол ардагерлері арасында матч өтті.
Берік Тасырұлы Ералиев өмірден бір жыл бұрын кеткен еді. Ол өңіріміздегі футбол және жалпы спорттық қозғалыстардың белгілі ұйымдастырушысы болатын. Матч алдында С. Данабаев, Р. Ли, К. Галямов, Х. Джамалетдинов оны еске алып, сөз сөйледі. Матч 2:2 есебімен тең аяқталды. Ардагерлер қабір басына барып, еске алу асына қатысты.
***
«Мұнайшы» ДСК-нде грепплинг, панкратион және ММА-дан қала чемпионаты өтті.
Жарыстарға облыстық «Намыс» кекушинкай карате-до федерациясы мен «Кудо» клубының спортшылары қатысты. Фархат Ниетов, Нурик Даралиев, Дидар Иманалиев, Алексей және Александр Ишиндер, ағайынды Дастан мен Алдаберген Қарасаевтар жеңімпаз атанды. Спортшыларды Саидмагомед Типаев жаттықтырады.
***
Астанада кекушинкай-кан каратеден «Astana Open» халықаралық турнирі өтті. Оған Қазақстан, Ресей және Белоруссия спортшылары қатысты
Атырау облысы құрамасы сапында Дамир Жарекесов «күміс» алса, Кирсан Құлмағанбетов «қолаға» қол жеткізді. Турнир барысын шихан Питер Чонг (8-ші дан) қадағалап отырды. Жарыс соңында сэнсей ашық жаттығу өткізіп, дан-тест қабылдады.
***
Ақтөбеде балалар, ер балалар, қыздар және жасөспірімдер арасында кекушинкай-кан каратеден ашық облыстық турнир өтті.
Жарыстарға 200 спортшы қатысты. Атырау құрамасының сапында Бекзат Бақтыгереев, Аманат Еділбаев, Дамир Жарекесов жеңімпаз атанды. Диара Жаниязова, Игорь Шахов, Дінмұхаммед Әбдіғали «күміс» алса, Шыңғыс Жұмағалиев, Мейіржан Баймырза, Юрий Радецкий «қолаға» қол жеткізді. Д.Жарекесов «Үздік техникасы үшін» арнайы сыйлығымен марапатталды. Спортшыларды жаттықтырушылар М.Жолдасов пен Р.Байбосынов дайындады.
***
Атырауда жапон жекпе-жегінің бір түрі - Дайто-рю Айки-дзю-дзюцудан II халықаралық семинар өтті. Семинарды Ресей ұйымының ресми өкілі, Дайто-рю Айки-дзю-дзюцудан 3-ші дан иегері Евгений Бодренко жүргізді.
Шараны Атырау Айкидо Айкикай федерациясы (президенті Н. Шайхиев) ұйымдастырды. Семинар қорытындысы бойынша 4 және 5 кю бойынша аттестация жүргізілді. Максим Ульчёнков, Ахмет Атабаев, Нұрлан Шайхиев емтиханды сәтті тапсырды. Бағдарламада Дайто-рю Айки-дзю-дзюцу базалық техникасына машықтану және оны соғыс жағдайында қолдану қағидаттары көрсетілді.
- Семинарлар арқылы оқыту - Дайто-рю Айки-дзю-дзюцуді қашықтан үйретудің жалғыз тәсілі. 2 күндік семинар білікті ұстазсыз өз бетіңше шұғылданған айлардан артық пайда әкеледі. Ешқандай кітап, ешқандай бейнематериал тікелей қарым-қатынас жасауды ауыстыра алмайды, - дейді Н. Шайхиев.
Ол басқарып отырған федерация Жапонияға Дайто-рю Айки-дзю-дзюцудің бүкіләлемдік орталығына баруды жоспарлап отыр.
***
Атырау қаласы мини-футбол лигасының 2014 жылғы чемпионаты аяқталды.
Турнирге 33 команда қатысып, үш дивизионға бөлінді. Өз дивизиондарында бірінші және екінші орын алған командалар - «КеденТрансСервис», «NSS НефтеСтройСервис», «ISKER», «Авалон», «Махамбет» (Махамбет) және «Өмірзақ» (Құлсары) финалға шықты. «Алтынды» махамбеттіктер алса, «күміс» пен «қоланы» сәйкесінше «КеденТрансСервис» пен «ISKER» иеленді.
Мини-футбол лигасы Кубогінің финалында «NSS НефтеСтройСервис» пен «Өмірзақ» командалары кездесті.
Құлсарылықтар 0:2 есебімен ұтылып қалды.
Ал облыстық мини-футбол лигасының финалында жоғарыда аталған алты командамен бірге «Махамбет-2», «Жылыой» және «Қуандық» (Мақат ауданы) ұжымдары қатысты. Жартылай финалда «КеденТрансСервис» «ISKER»-ді 3:2 есебімен ұтса, «Авалон» «Махамбеттен» 4:5 есебімен жеңіліп қалды. 3-орын үшін болған ойында «Авалон» «ISKER»-ді 4:0 есебімен ойсырата ұтты.
Облыстық лиганың финалы өте қызықты өтті – ойын басында махамбеттіктер 2:0 есебімен ұтып жатқан, алайда ойын соңына қарай өз қақпаларына 3 гол жіберіп алды. «КеденТрансСервис» - облыс чемпионы.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ