Атырау, 22 қараша 09:45
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Дина Нұрпейісова оркестрі Парижді бағындырды

5 425 просмотра

Дина Нұрпейісова атындағы Атырау Академиялық ұлт аспаптары оркестрі Қазақстанның Франциядағы мәдениет күндері аясында үш концерт қойып, елге оралды.

Концертте Құрманғазы, Дина, Н. Тілендиев, Шарл Гуно, Жорж Бизе шығармалары орындалып, классикалық опералардан үзінділер көрсетілді.

- Концерттер өте сәтті өтті, - дейді оркестр директоры Қамбар ДҮЙСЕМБАЙ.Сапар алдында ұйымдастыру және костюмдер дайындау мәселелерінде бізге Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың үлкен қолдау көрсеткенін айтып өткен жөн. Сахна ашылғанда зал біздің костюміміздің өзіне он минут ду қол шапалақтап, құрмет көрсетті.

- Өнер қадірін білетін француз көрермендерінің алдында концерт қою біз үшін мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік болды, - дейді оркестрдің бас дирижері Орақ ЖАУЫРОВ. – Бірінші концертімізді біз Париж сыртындағы Фонтенблода қойдық. Қойылым алдында белгілі француз түрколог ғалымы, абайтанушы Альберт ФИШЛЕР сөз сөйледі. Ол: «Қазақтың музыка мұрасы өте құнды, еуропалықтар бұған қатты қызығады. Сонымен қатар, мен бұл халықтың ділі (менталитет) туралы да айта кетуім керек. Біз жұбайым Мадлен екеуміз сіздерге 12 рет бардық, қашан да қазақтардың мейірімділігі мен қонақжайлылығына таң қалатынбыз», - деді.

Екінші күні біз Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өнер көрсеттік. ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Пирз де АРМЕНЯН өз сөзінде бұл жерде талай қазақстандық музыканттар өнер көрсеткенін, алайда, қазақтың ұлт аспаптар оркестрінің концерті алғаш өтіп жатқанын атап өтті.

Француз композиторлары Ж. Бизе мен Ш. Гуноның шығармалары орындалғаннан кейін көрермендер тік тұрып қол шапалақтап, бізді көпке дейін сахнадан жібермеді. Алайда өзіміздің күйлерімізді тартқанда көрсетілген көрермендер ықыласы одан да асып кетті: ду қол шапалақтау және «Браво, бис!» деп таңдай қаққан қошеметтер мерейімізді өсірді. Әсіресе, оларға Құрманғазының «Сарыарқа» күйі қатты ұнады. Ал, Франциядағы қазақ диаспорасының өкілдері Н.Тілендиевтің «Өз елім» әні шырқалғанда қатты риза болды.

Үшінші концерт Франциядағы Қазақстан елшілігінде Тәуелсіздік күніне орай қойылды. Қонақтардың алдында Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан ДӘНЕНОВ сөз сөйледі. Залға француз үкіметінің, Париж мэриясының өкілдері, түрлі елдер елшіліктерінің қызметкерлері мен қазақ диаспорасы жиналды.

Концерттен кейін оркестр ұжымы Қызыл-Орда әкімшілігі мен Мұстафа Шоқайдың туысқандарының бастамасымен және кезінде ҚР вице-премьері болған Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ қолдауымен  салынған Мұстафа ШОҚАЙ ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Музыканттар, сондай-ақ, Мұстафа Шоқай тұрған үйде де болды. Француз мэриясы бұл үйді Қазақстан халқына сыйға тартуға сөз беріп отыр.

 

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

25 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.