Құлсары қаласында «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында тұрғызылған су сорғы стансасын пайдаланушы мекеме «Жылыой су» КМК аталған нысанды әлі күнге дейін өз теңгеріміне алмай отыр.
Бұрынғы су сорғы стансасының қуаты қаланы сумен қамтуға жетпегендіктен 2011 жылы жалпы құны 1 млрд 747 млн теңгеге бағаланған жаңа су сорғы стансасының құрылысы қолға алынған еді. Құрылысқа «Теңізшевройл» ЖШС қаржылай демеушілік көрсетті. Құрылысты жүргізген «ТеңізДизайнМоторс» ЖШС. Су сорғы стансасы құрылысы ұзаққа созылған болатын. «ТеңізДизайнМоторс» ЖШС директоры Данияр АРЫСТАНҒАЛИЕВ нысанның уақытылы тапсырылмауын облыстың экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін бірнеше ірі нысан құрылыстарының тоқтап қалуымен түсіндіреді.
- Су сорғы стансасының қабылдау тапсыру актісіне 2014 жылдың 10 ақпанында қол қойылды. Содан бері он ай өтсе де, «Жылыойсу» КМК оны өз теңгеріміне алмай отыр. Біз кепілдік хатта көрсетілген нысан бойынша барлық ескертпелерді жойдық, бірақ нысан әлі біздің мойнымызда тұр, - дейді Д.Арыстанғалиев.
Оның айтуынша, нысанның уақытында тапсырылмауына бірнеше себеп болған.
- Біз салған су сорғы стансасы автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Ғимарат ішінде станса қызметін басқаратын алты миллион теңгенің компьютері болған. Біз нысанды тапсырамыз деп жүргенде ол ұрланып кетті. Оның ұрланғандығы жөнінде полицияға арыз бергенімізбен ұры табылмады. Арада бірнеше уақыт өткен соң электр желісінде тұйықталу болып, трансформатор жанып кетті. Трансформаторды жөндеуге мен өз қалтамнан үш миллион теңге шығарып төледім, - дейді Арыстанғалиев. – Мен осы оқиғаларға «Жылыой су» ЖШС директоры Балтабай ИБРАЕВТЫҢ қатысы бар деп күдіктенемін.
- Бұл - айыптау. Сіз мұны қалай түсіндіресіз?
- Ескі су сорғы стансасынан су айдап, водовоз арқылы су тасылып келді. Жұмысшыларының көбі - оның өз ағайындары. Мен жаңа сорғы түгел автоматтандырылған, компьютермен басқарылатынын айттым. Оның үстіне онда тәуліктік бейнебақылау орнатылған. Енді олар жаңа сорғыдан кез келген уақытта су ала алмайды.
Ал,«Жылыой су» КМК директоры Балтабай ИБРАЕВ бұл жағдайға былай деп түсінік берді:
- Біз халыққа водовоз арқылы су босатуға тиіспіз. Ол ұрлауға жатпайды. Сынақ кезінде қазанның тесігі, насостардың жүйесіз тоқтаусыз жүру ақаулықтары анықталды.
- Қабылдау актісінде сіздің де қолыңыз тұр. Мұны қалай түсіндіресіз?
- Қойғаным рас. Бірақ ақаулықтар табылды.
Ал, Атырау облыстық құрылыс басқармасының (нысан тапсырысшысы) басшысы Елтай ҒАЛЫМЖАНОВ аудан әкімдігіне жазған хатында «Жылыой су» КМК-ның нысанды өз теңгеріміне белгісіз себептермен алмай отырғандығын хабарлайды.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Сайлау КЕНЖЕҒАЛИЕВ ешқандай комментарий берместен бірнеше актілерді алға тартты. Онда ғимараттың төбесінен су аққандығы, автоматтандырылған сорғылардағы ақаулықтар, т. б. көрсетілген.
- Бүгінде бұл кемшіліктерді мердігер толығымен жоя келді, енді сынақ ретінде су берілуде. Оншақты күн ішінде «Жылыой су» КМК су сорғы стансасын өз теңгеріміне алады, -дейді әкім орынбасары С. Кенжеғалиев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА