Атырау, 28 қараша 00:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Консорциум «Яицкий» каналын тереңдетеді

2 098 просмотра

«АЖ»-ға Солтүстік-Каспий жобасының операторыNCOC компаниясының келер жылы «Яицкий» балық  жүзу каналында тереңдету жұмыстарын жүргізетіні белгілі болды.

 

«2016 ЖЫЛДЫҢ ҚЫРКҮЙЕГІНДЕ БАСТАЙМЫЗ»

«Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі бағдарлама шеңберінде Жайық-Каспий бассейнінде тереңдету жұмыстарының жобасын жүзеге асыруды қарастырамыз, - делінген біздің сауалымызға берілген NCOC жауабында. – Мақсат – балықтардың уылдырық шашатын орындарға кедергісіз өтуі үшін жағдай жасау және Каспий теңізіндегі балық қорларының табиғи жолмен өсіп-өну жағдайын жақсарту».

ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашы-лығы және жануарлар әлемі комитетінің ұсыныстарына және Балық шаруашылығы ҒЗИ кеңестеріне сәйкес, тереңдету жұмыстарын жүргізетін жер ретінде Жайық өзенінің Яицкий балық жүзу каналы (Оң және Сол жақ Яицкий тармағын қосқанда) таңдалып алынды.

2014 жылдың қарашасында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы мен «Ақжайық» табиғи резерватының сараптамалық қолдауымен жобалау үшін қажетті батиметриялық және топографиялық мәліметтерді, сондай-ақ, Яицкий каналының, оның тармақтары мен іргелес жағалау учаскелерінің заманауи экологиялық ахуалы туралы мәліметтерді жинау жөніндегі инженерлік-экологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Жобалау кезеңінде компания түрлі техникалық шешімдерді қарастырады, олардың кешенді экологиялық-экономикалық бағалау нәтижелері бойынша тереңдету жұмыстарының анағұрлым қолайлы технологиясын анықтайды. Қоршаған ортаға әсерді бағалау және мемлекеттік органдардың келісімін қамтитын жобалау құжаттамасын әзірлеу қажеттілігін назарға ала отырып, Яицкий балық жүзу каналындағы тереңдету жұмыстары 2016 жылдың қыркүйегінде басталады деп күтілуде».

 

«ТЕЗДЕТУ КЕРЕК ЕДІ»

- Иә, біз NCOC өкілдерімен кездестік, жұмыс тобы құрылды, - дейдіАтырау орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ. – Біз өз тарапымыздан жұмыстарды күзде емес, шілдеде бастау үшін жобалау қарқынын тездетуді ұсындық. Көктемде уылдырық шашу маусымы болғандықтан жұмыс істеуге болмайды. Ал күзде балық қыстау үшін теңізден өтеді. Тиісінше, жұмыстарды тағы да тоқтатуға тура келеді. Процесті тездету үшін біз компанияға Қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау және Қоршаған ортаға әсерді бағалау жобаларын қатар қарауды ұсындық. Біздің тағы бір ұсынысымыз – каналды теңізге шығатын ауызға дейін ұзарту. Желтоқсанның аяғында – келер жылдың қаңтарында компания ақырғы нұсқаны ұсынады деп үміттенемін.

- Канал 1963 жылдан бері қолданылып келеді. Сонда оны бірде бір рет тереңдетпеген бе?

- Жұмыстар жүргізілген, бірақ тиіп-қашып қана, 3-4 метрден, 600 метрден. Алайда бұл жерлер де тез лайланып қалған. Каналдың күрделі құрылысы сол кездері Балық шаруашылығының одақтық министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес одақ бюджетінің қаржысы есебінен жүргізілді. Тапсырыс беруші сол кездегі облыстық балық өнеркәсібі басқармасы болса, Гурьев машина-мелиоративтік стансасы мердігер болды.

Каналды тереңдету туралы Комитет пен NCOC арасындағы келіссөздер 2013 жылдан бастап жүргізіліп келеді. «Яицкий» каналының артықшылығы – ол кеме жүзетін емес, балық жүзетін канал болып табылады. Ол жерден ірі кемелер жүрмейді, тек шағын катерлер мен мотоқайықтар өтеді. Екіншіден, бұл ауданда елді мекендер жоқ. Бұл жерде балық аулайтын тартым бар. Айта кетелік, балық жүру үшін айтарлықтай кедергілер жоқ. Бірақ қалай болғанда да, бекіре тұқымдастарды құтқарып қалу үшін бір реттік шаралар емес, шаралардың тұтас кешені қажет. Жасанды өсіп-өндіруді дамыту керек, уылдырық шашатын орындарға мелиорациялау жүргізу керек. Бұл туралы көптен бері, бірнеше жылдар бойына айтылып келеді, бірақ сөзден іске көшкен жоқ.

- Шынымен, әлі күнге дейін балық қорларын сақтау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның болмағаны ма?

- Өз басым ондай ақпараттан бейхабармын.

 

«КОМИТЕТ БІЗДІҢ ПІКІРІМІЗГЕ ЕЛЕҢЕТПЕДІ»

Әңгіме соңында Бостан Шамешұлы өз басшылығын жақтап сөйледі. Естеріңізге салсақ, «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі нысандар үшін жүктер тасымалдау бағыты (ЖТБ)» жобасының Қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі «ТеңізСервис» ЖШС-нің қоғамдық тыңдауында («АЖ», №49, 04.12.14 ж., «Тыңдауды қайталауға тура келеді») облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Орақ БИСЕМБИЕВ аталмыш жобаны мақұлдаған өкілетті органдардың тізімінен Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясын да атап өткен болатын.

- Сол кезде қолданыста болған жобаларды мақұлдау тәртібі бойынша, олардың бәрі жоғары сатыдағы Комитетке қайта жолданатын еді. Сол жақтан жоба туралы біздің пікірімізді сұрайтын. Менің басшылығым - бастығым Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ ЖТБ құрылысының жобасы бойынша теріс қорытынды беру орынды екені туралы біздің ескертулеріміз бен пікіріміз жазылған құжатты жолдады. Бірақ осыған қарамастан Комитет оң қорытынды берді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

25 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.