Атырау, 28 қараша 00:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қала бюджеті - 12,1 миллиард

1 712 просмотра

19 желтоқсанда қалалық мәслихаттың ағымдағы жылдағы соңғы 30-шы сессиясы өтті.

Депутаттар талқылау үшін Атырау қаласының 2015 жылға арналған бюджет жобасы ұсынылды. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Мақсот ҒАЛЫМОВ баяндама жасады.

Қалалық бюджеттің кіріс бөлігі келер жылы 51 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Мұнда 57,7 млрд теңгені кәсіпорындар мен жеке тұлғалардан салықтар түрінде алу жоспарланып отыр. Шығыс бөлігі 62 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Облыс бюджетіне алынатын қаржы 46,9 млрд теңгені құрайды.

Қаланың өз бюджеті 12,1 млрд теңгені құрайды. Бұл ақша былайша үлестіріледі: жалпы мақсаттағы мемлекеттік қызметтер – 414,3 млн теңге; қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік – 60 млн теңге; балабақшалар - 1,1 млрд теңге; жалпыға білім беретін және музыка мектептері – 6,7 млрд теңге; әлеуметтік көмек – 668 млн теңге; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 1,3 млрд теңге; мәдениет және спорт – 393,4 млн теңге; ауыл шаруашылығы – 53,2 млн теңге; сәулет және құрылыс – 38,8 млн теңге.

Содан соң қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ (суретте) депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

- Келер жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау  шеңберінде қандай шаралар жоспарланған?

- Республикалық бюджеттен бір мәрте берілетін материалдық көмекті, соның ішінде соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне 100 мың теңгеден төлеуге жалпы сомасы 56 млн теңгені қаржыландыру жоспарланды. Бұдан басқа республикалық бюджет қаржысы есебінен Астанадағы Жеңіс шеруіне он ардагердің және Мәскеудегі Қызыл алаңға екі ардагердің сапары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаржысы есебінен қалалық демалыс бағында «Еске алу қабырғасы» монументін салу жоспарланған.

- Неліктен спорттық шараларды өткізуге 2015 жылдың қалалық бюджетіне аз қаржы – 34 млн теңге салынған?

- Ағымдағы жылы қалалық 98 спорттық шара өткізілді, келер жылы біз шамамен сол көлемде сайыс өткізуді жоспарлап отырмыз. ҚР туризм және спорт агенттігінің бұйрығына сәйкес, қалалық деңгейде спорттық шараларды өткізу шығындары төрешілер қызметін төлеу, қатысушыларға ескерткіш сыйлықтары мен жүлделер сатып алу төлемдерін қамтиды және осы шығындар сомасы қатаң реттелген.

Егер қосымша спорттық шаралар өткізу керек болса, біз қалалық бюджетті нақтылау барысында қосымша қаржылар саламыз. Қалалық спорт бөлімінің оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыруға құқығы жоқ. Ол үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бар.

- Қалада автобус аялдамалары жетіспейді....

- Қалада және қала маңында бүгінгі күні 144 аялдама орнатылған. Олардың 20-сы ағымдағы жылы жөндеуден өтті. Бұдан басқа, бізге тағы 50 аялдама орнату қажет. Осы бағдарламаны қаржыландыру туралы мәселе келер жылы бюджетті нақтылау кезінде шешіледі.

- Кейбір көшелерде бағдаршамның қақ алдына жол кедергілері орнатылған, бұл жүргізушілер үшін қиындықтар туғызады...

- Жасанды кедергілер облыстық әкімшілік полициясы басқармасының ұйғарымымен орнатылған. Жол кедергілері бағдаршамдар іске қосылғанға дейін орнатылған. Осы бағдаршамдарды мемлекеттік комиссия қабылдағаннан кейін олар алынып тасталады. Бұл Әлиев көшесінен басқа көшелерге қатысты. Ол жерде жол кедергілері кісі өліміне соқтырған жол-көлік оқиғаларының көбейіп кетуіне байланысты орнатылған.

- Нұрсая ықшамауданындағы тұрғын үйлердің цоколды орынжайларын пайдалануға қатысты қандай жоспар бар?

- Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері Атырау қаласында 159 тұрғын үй салынды. Оның 129-да цоколды қабаттар бар. Соның ішінде, 21 цоколды орынжай мемлекеттік коммуналдық меншікке алынған. 12-сі мектепке дейінгі мекемеге бөлініп, қалалық білім беру бөлімінің балансына алынып отыр. Қалған 9-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында. 8 жертөлеге белгілі сот істеріне (экс-әкім Рысқалиевтың ҰҚТ ісі бойынша) байланысты тыйым салынған. Қазіргі кезде тыйымды жою заңды күшіне енген жоқ. Сот шешімі күшіне енгеннен кейін осы цоколды орынжайларды өскелең ұрпақтың бос уақытын ұйымдастыру үшін жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың, спорт секцияларын ұйымдастыру үшін қалалық спорт бөлімінің әлеуметтік нысандары, денсаулық сақтау нысандары, полицияның бір тірек қосыны мен «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС үшін бір әкімшілік орынжай ретінде бөлу туралы мәселе қаралады.

- Атырау ықшамауданындағы №31 мектеп алдындағы учаске және Ақсай мен Ақжар поселкелеріндегі бірнеше көше қашан асфальтталады?

- №31 мектеп алдындағы алаңды асфальттау жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзір, келер жылы бюджетті нақтылау барысында қаржы бөлу туралы мәселе қаралады.

Ақсай мен Ақжардағы көшелерді асфальттауға келер болсақ, бұларға қатысты ЖСҚ түзетулерді қажет етіп отыр. Бірақ жалпы қала мен қала маңындағы көшелерді асфальттау үшін ЖСҚ әзірленген. Соған сәйкес, жұмыстың жалпы құны 9,5 млрд теңгені құрайды. Оған қоса 800 млн теңге сомада бірнеше елді мекенді асфальттау жобасы әзірленуде. Осы жұмыстарды қаржыландыру келер жылдың бюджетін нақтылау кезінде қаралады.

- Әлиев пен Сатыбалдиев көшелері арқылы әуежайдан теміржол вокзалына дейін автобус маршрутын неге ашпайды?

- Осындай бағыттағы маршрутты ашу туралы мәселе бұрын көтерілген болатын. Соған байланысты жолаушылар тасымалы бөлімі талдау жүргізіп, оның пайдасы төмен екендігі анықталды.

- Геолог поселкесіне балабақша салу туралы мәселе қашан шешіледі?

- Бағдарлама әкімшісі болып облыстық құрылыс басқармасы табылады. Қазіргі кезде ЖСҚ-ны түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Содан кейін ескі ЖСҚ үш жыл өткен соң күшін жойды. Құжаттаманы түзеткеннен кейін облыстық деңгейде қаржы бөлу туралы мәселе шешіледі.

Қалалық мәслихат сессиясының қорытынды бөлімінде депутаттар «Атырау қаласының құрметті азаматы» атағын Қазақ КСР еңбегі сіңген өнер қайраткері (1988 ж.), облыстық драма театрының бас режиссері (1975-1989 жж.) Чапай Зұлқашқа беру үшін дауыс берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.