Сурет Facebook әлеуметтік желісіндегі "Adam bol" парағынан алынды
Кеше кешкісін «Adam bol» журналының редакторы Гүлжан ЕРҒАЛИЕВАҒА шабуыл жасалды. Біз егжей-тегжейін білу үшін жерлесімізбен хабарластық.
– Кеше кешкі сағат 10-дар шамасында дүкеннен үйіме қайтып келе жатқанмын. Сот сағат 8-де кеш аяқталды. Жеделсатының қасында бұрыштан біреу атып шығып (өкінішке орай, кім екенін байқамай қалдым, бәрі аяқасты болды), басымнан қойып қалды. Соққы қатты тиіп, мен құлап қалдым, - дейді Г. Ерғалиева. – Қазір біздің журналымызды жабуға қатысты сот процесі жүріп жатыр. Судья мен прокурор Алматы әкімдігінің біздің журналымызға қарсы журналды шұғыл жабу туралы талап-арызын қанағаттандырмақ ниетте деп есептеймін. Рас, оны ағымдағы жылдың 20 қарашасында жапқан еді. Талап-арызға сәйкес, әкімдік, Adam bol журналын шығару лицензиямыздан айыруды да талап етіп отыр. Талап-арыз заңсыз, ешқандай негізсіз, таққан айыптары ақылға сыймайды.
Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, бұған дейін Adam bol редакциясының қызметкерлерін арандату және қысым көрсету жағдайлары орын алыпты:
– Редакциядан ноутбуктер ұрланды, жала жабуға қатысты талап-арыз болды, біз ұтылып қалдық. Жол полициясы қызметкерлерінің тарапынан шеф-редактор Аян ШӘРІПБАЕВҚА қарсы арандату әрекеті орын алды. Осы жөнінде біз прокуратураға шағымданған едік, көмегі болмады, содан соң есепшоттарға тыйым салынып, журналды жазалау басталды, енді міне, дене жазасын қолға алыпты. Осының бәрі бір тізбектен шыққан нәрсе, оны болжаудың да қажеті жоқ. Бұл билік басындағылардың ісі деп есептеймін. Сондықтан биліктен қолдау күтіп немесе көмек сұрап, полицияға жүгінбеймін.
Естеріңізге салсақ, қазіргі кезде Алматы қаласындағы Медеу аудандық сотында Adam bol журналын жабу туралы сот процесі жүріп жатыр. Басылымның меншік иесі және бас редакторына Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасы талап-арыз беріп, журнал соғысты насихаттайды деп айыптады. Бұл айыптау журналдың 2014 жылғы 29 тамыздағы нөмірінде жарияланған «Наши на чужой войне» сұхбатына негізделген. Талап-арызды қамтамасыз ету мақсатында 20 қарашада судья А.Әбішева басылымға тыйым салу туралы ұйғарым шығарды. Сот ашық режимде өтіп жатыр.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА