Дина Нұрпейісова атындағы музыка академиясы жанындағы музыкалық мектептің оқушылары Біріккен Араб Әмірлігінде өткен І халықаралық өнер фестивалінен дипломант болып оралды.
Көптеген елдің жас таланттары «Хореография», «Вокал», «Аспапты музыка», «Театрлық өнер», «Қолданбалы өнер» номинациялары бойынша сайысқа түсті.
- Біз фестивальға ең үздік оқушыларымызды жібердік және олар бізді жерге қаратпады, - дейді музыка академиясы директорының оқу ісі бойынша орынбасары Ардақ НЫҒМЕТОВА. «Халық әні» және «Домбыра» номинацияларында өнер көрсеткен Әйгерім АЙЫПҚАЛИЕВА І дәрежелі дипломант атанды, Әнуар МҰХИТОВ «Шертер» номинациясында І дәрежелі дипломның иегері, скрипкашы Шынар НАҒИМОВА І дәрежелі дипломант атанса, жас пианист Адина МАРАТОВА ІІ дәрежелі диплом алды. Шынарға жетекшілік ететін Клара НҮСІПБАЕВА үздік оқытушы деп танылды. Бұл фестиваль Адина үшін алғашқы халықаралық ауқымдағы сынақ болды, ал қалғандары республикалық және халықаралық байқауларға бірнеше рет қатысып үлгерген.
Академия жанындағы музыкалық мектеп 1991 жылы ашылды, қазір мұнда 120 бала оқып жатыр. Оқушылар музыкалық байқауларға жиі қатысып тұрады. Жақында Әйнел ТҰРАҒАЛИЕВА мен Ролан ШЕРІПБАЕВ Новосібірде өткен халықаралық үрмелі және соғып ойналатын аспаптар байқауында дипломант атанды. Ал, бір-екі күн турасында Әйнел «Астана-Мерей» байқауында 1-орын алды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА