Атырау, 21 желтоқсан 14:38
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Евгений Цой - әлем чемпионы

2 100 просмотра

Облыстық кекушинкай карате федерациясының шәкірттері ұлттық құраманың сапында Жапонияда өткен балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысты. 

18-ден 21 жас аралығында 80 келіге дейінгі салмақта Евгений Цой алтыннан алқа тақты. Ол болгариялық спортшымен өткізген алғашқы айқасында төрешілердің шешімімен жеңімпаз атанды. Екінші айқасында аустралиялықты нокаутқа жіберді. Алаң иесімен аса тартысты өткен ақтық сайыста жеңімпаз негізгі уақытта да, қосымша уақытта да анықталмады. Бұл жерде де төрешілер кеңесі (хантей) біздің спортшымыз жағында болды. Нәтижесінде қанжығамызға әлем чемпионатының алтын жүлдесі түсті!

Евгенийдің жаттықтырушысы Нұржан КЕНЖЕБОЛАТОВ былай дейді:

- Финал өте тартысты өтті. Бұрын каратенің отанында өткен жарыста жапондықтарды тек нокаутпен ұтпасаң, жеңіс бермейді деп есептелетін. Қашан да төрешілердің өз спортшыларына бүйрегі бұрып тұратыны белгілі. Сондықтан да осымен екінші әлем чемпионатында хантейге финалға қатысушы елдердің төрешілерін кіргізбейтін ереже қолданылып келеді. Женя өзінің нағыз карате шебері екенін көрсете білді, қарсыласы да осал емес еді. Төрешілер дұрыс шешім қабылдады деп есептеймін.

Өткен жылғы Жапонияда өткен Әлем кубогының триумфаторы Бауыржан Күмісқалиев екі айқасында жеңіске жетіп, үшіншісінде ұтылып қалды. Осылайша, ол алдын ала кезеңнен өте алмады.

Атыраудың үшінші өкілі Ерболат Қапаров бірінші айқасын мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтап, келесі кезеңде төрешілер кеңесінің шешімімен ұтылып қалды. Жаттықтырушының айтуынша, шәкірттерінің бұл көрсеткіштері каратенің Атырауда өте жоғары деңгейде дамығанын көрсетті. 

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА            

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

18 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.