Келесі жылы оқушыларды дене тәрбиесі сабағында қандай жаңалықтар күтіп тұр? Осы тақырыпта біз Атырау дене тәрбиесін және спортты дамыту өңірлік орталығы директорының орынбасары Руслан Қабесұлы ЖҰБАНЫШӘЛИЕВПЕН (суретте) сұхбаттастық.
СЕМІЗ АДАМДАР ӨТЕ КӨП
-Бүгінде оқушылардың көпшілігі сабақтан тыс уақытта ештеңемен шұғылданбайды. Көптеген балаларда артық салмақ бар. Оларды спортпен шұғылдануға тарту керек. Бұл мәселе мектептерде спортпен секциялық шұғылдану жетіспейтіндіктен ақсап тұр.
-Неге бұлай қалыптасты?
- Бірде-бір дене тәрбиесінің мұғалімі тегін жұмыс жасамайды. Бұл жерде мектептегі жұмысқа білікті жаттықтырушыларды тарту туралы айтпай-ақ та қояйық. 2014 жылы «Спорт туралы» Заңда мектептерде спорттық секциялар ашу қарастырылғанмен, олардың саны реттелмейді. Ал, 15-бапта міндетті түрде балалар мен жасөспірімдер клубын (БЖК) ашу керек деп жазылған. Заңның шыққанына жарты жыл өтті, бірақ облыста бірде-бір БЖК жоқ. Басқа өңірлерде ашылуда.
БЖК-лар аудандық және қалалық білім бөлімі жанынан ашылуы тиіс. Біз облыстық білім беру басқармасына сәйкесінше ұсыныс жасадық. Әр БЖК 8-10 мектепті қамту қажет. Ол бір мектептің базасында қалыптасып, оның штатында түрлі спорт түрлері бойынша жаттықтырушы болуы қажет. Қазір Махамбет ауданында осындай клуб ашу үшін құжаттар жинақталуда. Басқа аудандарда мен Атыраудың өзінде әзірге еш қозғалыс жоқ.
- Тағы қандай нысандар жетіспейді?
-Облыста 183 мектеп бар, алайда барлығында бірдей спорт зал жоқ. Құрманғазы ауданында 15 мектепте зал жоқ болса, Атырау қаласында №1, Чехов, Отаралиев атындағы мектептерде, СТГА мен оқу-өндірістік мектебінде спорт зал қарастырылмаған. Балалар дене тәрбиесімен арнайы босатылған сынып бөлмелерінде шұғылданады. Бұл - көлемі 7х10 метр болатын орынжай, онда спорттық жабдықтарды қоятын жер жоқ. Қазір облыс әкімі 2015 жылға барлық облыс мектептеріне спорттық құрал-жабдықтар алуға қаржы бөлуге өкім шығарды.
Орталық 10-шы және 11-сыныптар үшін дене тәрбиесі сабағы сағаттарын бір-біріне қосу арқылы көбейтуді ұсынды, өйткені, бұл жастағы оқушылардың физикалық дамуы шамамен бір деңгейде. Осылайша, аталған пән бойынша сағат саны көбейер еді. Осы сабақтарда біз волейбол, баскетбол, футбол және т.б. спорт түрлері бойынша секциялық сабақ өткізуге кеңес береміз.
Бес жыл бұрын осындай идеяны №3 мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Бауыржан Ысқақов жүзеге асырған болатын. Ол осы сабақтарда жоғары сынып оқушыларына өзін өзі қорғауды үйретті. Алайда, бұл тәжірибе жалғасын таппады.
Үстіміздегі жылы мен Ақтау, Петропавл, Тараз қалаларында болдым. Атырау – мектептер жанында спорттық алаңы көп жалғыз қала. Мұндай алаңдар қаладағы 56 мектептің 48-інде бар. Оған көптеген ықшамаудандардағы спорт алаңдарын қосыңыз. Оған да балаларды көптеп тарту керек.
ПРОФЕССОР КЕЛЕДІ
- Өткен жылы орталық қандай жарыстар ұйымдастырды?
-Мектеп және колледж оқушылары арасында облыстық спартакиада ұйымдастырдық. Біз оны биыл жетінші рет өткізіп тұрмыз. Жарыстардың 1-ші, 2-ші және 3-кезеңдерінде жалпы саны61 467 бала тартылды. Бұл қарапайым оқушылар, тек жекпе-жектер бойынша сайыстарға БЖСМ шәкірттері қатысты. Жеңімпаздар республикалық спартакиадаларға барды. Облыс оқушылары командасы таеквондо, самбо, дзюдодан командалық 1-орын, дартстан 4-орынға ие болды. Қаңтарда 7-ші облыстық Қысқы спартакиада басталады. Жарыстар бағдарламасында президенттік көпсайыс, спорттық бағдарлау, футзал, шайбалы және допты хоккей бар. Жеңімпаздар Өскеменде өтетін республикалық турнирге қатысады.
- Дене тәрбиесі мұғалімде-рінің біліктілігін арттыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
- Біз волейбол мен гандболдан семинар өткіздік, алда баскетболдан семинар өтеді. Дәрістерді мол тәжірибелі қала педагогтары оқиды. Волейболдан №16 мектептің оқытушысы Александр Литвинов өз білімімен бөлісті. Баскетбол бойынша дәрісті политехникалық колледждің оқытушысы Орынбасар Нұрханов оқиды. Теория мен практика қатар жүреді. Келесі жылы Атырау қаласындағы біліктілік арттыру курстарын Ұлттық дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығынан профессор жүргізеді.
- Мұғалімдер арасынан кімдерді атар едіңіз?
- Алғашқы кезекте Жангелдин орта мектебінің мұғалімі Нұрлан Байменовті, А. Литвиновты атар едім. Олар өз сабақтарын жоғары эмоционалдық деңгейде өткізеді. Балалар жаттығу кезінде көңілді болулары керек. Сондай-ақ, Орталыққа әдістемелік көмек көрсетіп отыратын Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-дің дене тәрбиесі және спорт қызметкерлері Нұрлан Мәмбетов пен Алпысбай Аралбаевты атап өткен жөн.
Қараша айындағы каникул кезінде біз мектеп мұғалімдерінің спартакиадасын өткіздік. Жарыста 1-орынды Исатай ауданы, 1-орынды Құрманғазы ауданы, 3-орынды Жылыой ауданының командалары алды.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ