Атырау, 27 қараша 23:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Алаңға шыққан жатақхана

2 368 просмотра

Алматыда орын алған Желтоқсан оқиғасына биыл - 28 жыл. Біз оның куәгерлерінің және қатысушыларының бірі, Махамбет ауданында тұратын Ибатолла ДӘУЛЕТОВПЕН (суретте) әңгімелестік. 

- ...Мен ол кезде Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтта оқуымды бір жыл академиялық демалыстан кейін қайтадан жалғастырып жаттым. Курстастарым әзілдеп, мені «шал» деп атайтын, себебі, менің жасым 29-да болса, олар 22-23-терде болатын. Өзім староста болдым, жатақханадағы студенттер Кеңесінің төрағасы болдым, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Мен Дінмұхамед ҚОНАЕВТЫҢ бірінші хатшылығынан алынып, студенттердің бірінші тобының Жаңа алаңға шыққаны жайлы 16 желтоқсанда Горный Гигант  ықшамауданында пәтер жалдап тұрған Әсет деген досымның үйінде отырып естідім. Қараңғы түсе жатақханаға келсем, курстастарым мені қара «Волга» мінген екі жігіттің іздеп жүргенін айтты.Сәлден соң мені іздеп жүрген жігіттер жатақханаға қайта келді. Қара костюм киген, галстук таққан екі жас жігіт маған: «Студенттердің арасындағы жасы үлкені әрі сыйлысы екенсіз. Ертең жастардың басын қосып, алаңға шығуына жәрдемдесіңізші» деді. Мен келістім, бірақ олар өздерінің кім екенін, қайдан келгенін айтпады, әрі қарай қазбалап мен де сұрамадым. Өйткені, қайтсем де бір әрекет ету керектігін сездім, Қазақстанға ешуақытта қатысы болмаған ешкімге белгісіз Колбиннің келуі қанымызды қайнатып жіберді. Сол түні мен бөлмелерді аралап, студенттерге алаңға шыққанда сақ болуды айтып, түсінік жұмыстарын жүргіздім. 

- Таңертең өзіңіз бірге бардыңыз ба?

- Жоқ, мен сәл кейін бардым. Әуелі институтқа бардым, онда Алматыда пәтер жалдап тұратын бірен-саран студенттер отырды, қалғандары түгел алаңға кеткен екен. Біз бірге алаңға бардық. Алаңды арнаулы әскери күштер қоршап алған, бізді ішке жібермеді. Біз оларға: «Қазақсыңдар ғой, ішке жіберсеңдерші» дейміз жалынып, бәрібір өткізбеді. Осыдан соң жатақханаға коменданттық жүйе енгізілді. Студенттерді сыртқа шығарған жоқ, есікті ашпады. Біз соған қарамастан балконнан өрмелеп түсіп, алаңмен байланыс жасап тұрдық. Зайыбым екеуміз бір бөлмеде тұратынбыз, алаңнан оралған студенттерді ас, су дайындап, дәрі-дәрмек әкеліп, күтіп отырамыз, таяқ жеп, қансырап келгендерге көмек көрсетеміз.  Біздің курста әскерден келгендер көп еді, олар кәдімгі ашық айқасқа түсіп жүрді. Бөлмелер іші милициядан тартып алған дубинкаларға толып кеткен.

...Бірде тағы да алаңға бара жатқанымызда автобус толы тәртіп сақшыларының қыздарды шашынан сүйреп, тепкілеп жатқандарының үстінен түстік. Жігіттер болып топталып жүреміз, ойланбастан қыздарды құтқардық, олар автобустарына мініп қашып кетті.

- Курстастарыңыздан зардап шеккендер болды ма?

- Біразының фамилияларын ұмытып қалыппын.Жарас деген жігітіміз қатты қансырап келді. Оны өзімізше емдеп жазып алдық. Жезқазғандық Алмас деген жігітіміз камераға түсіп қалып, 12 жылға сотталып кетті. Бірақ төрт жылдай отырып, кейін ақталды. Ал, қазір ол туралы ештеңе білмеймін. Себебі, көп курстастарыммен арадағы байланыс үзіліп қалды.

...Ал, менің студенттерді алаңға шығуға үгіттеу жөніндегі астыртын тапсырманы орындағаным студенттер арасында құпия болып қалды. Оның үстіне, бұл өтініш болмағанның өзінде біз бәрібір астанада болып жатқан Желтоқсан оқиғасын айналып өтпес едік. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.