Атырау, 27 қараша 23:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Клуб директоры неге өзіне қол жұмсады?

3 706 просмотра

25 қарашада Индер ауданы Өрлік селосындағы мәдениет үйінің директоры,56 жастағы Мұрат БИСЕНҒАЛИЕВ жұмыс бөлмесінде асылып өлген.Туыстары оның өлімін мәдениет үйінің күрделі жөндеуімен байланыстырады.

Бұдан бір жылдан астам уақыт бұрын Өрлік селосының әкімі болып Қайрат ИМАНҒАЛИЕВ тағайындалды. Ол кезде селолық мәдениет үйін әкімнің туған ағасы Айдар ИМАНҒАЛИЕВ басқарған болатын. Сыбайлас жемқорлық туралы Заңды бұзбас үшін клуб меңгерушісі болып Мұрат Бисенғалиев тағайындалады.

- Мұрат клуб директоры болмай тұрып маған келіп ақылдасты, -деп еске алады оның жақын туысы Жетпіс БИСЕНҒАЛИЕВ. -«Директор болғым келмейді, бірақ әкім «егер бұл жұмысқа бармасаң, орныңды босатасың» деді. Жасым 60-қа келгенде ауылдан ұзап қайда барам, соған қиналып жүрмін» деді. Мен «бұрын клуб меңгерушісі болдың, істей аласың ғой» дедім. Бірақ мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары басталғанда әкім екеуінің арасында келіспеушілік орын алды.

- Сіз оның өлімі күрделі жөндеумен байланысты деп есептейсіз бе?

- Иә. Мұрат маған: «ауыл әкімі 20 млн теңге аудар деді, менің басым кетеді ғой. Ол мені тыңдамай тұр, күнде айқай, басым қатты» деп жүрді. Одан кейін әкім Мұрат бәріне жауап беретінін, себебі қағаздарға (Форма2 - орындалған жұмыстардың актісі - Л.Қ.) ол қой қойғанын айтқан. Ол шарасыз күйде қалған. Мұраттан маза қашты, дем алмастан құрылыс басында жүрді. «Жұмысшылар көзің тайса ұрлайды, жұмыс та жасамайды» дейтін. Ол ешқашан темекі тартпайтын, ал, қайтыс боларының алдында түске дейін екі қорап темекі тартыпты. 

Марқұм көзі тірісінде туыстарына село әкімі Қайрат Иманғалиевтың мөрі соғылған кепілдік хаты оның ақша аударуына себепші болғанын айтыпты. Ол хатта былай делінген:

«Осы кепіл хатты бере отырып, мердігер – қызылордалық «ЕлҚұрылысСервис» ЖШС-нің актісінде көрсетілген 20 млн 273 мың теңгенің жұмыстары біткен жоқ. Қазан айында жұмыс кестесі бойынша бітпеген жұмысқа 20 млн 273 мың теңгені «Өрлік-Мәдениет» МҚКК-ның шотына аудартуды өз мойныма алып, кәсіпорын директоры Бисенғалиев Мұратқа қол қойдырдым».

- Осыдан кейін жолдасым күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылды. «Мен біттім, құрыдым, бәрі алаяқ» деп сарыуайымға салынды. Тамақ та ішпей, сөйлеуден қалып, уфілей беретін болды. Әкім боқтап, балағаттайтын болған, өлерінен екі күн бұрын ол жұмысынан жылап келді. Мен шошып кеттім. Бұрын ондай кезін көрген жоқ едім. Барып сөйлесейін десем, мені жібермеді. Ең соңында әкім оны шаршатты, аяғынан шалды, - дейді марқұмның жары Айбарша БАТЫРҒАЛИЕВА.

- Мердігердің есепшотына жөндеуге қаралған 32 млн теңге қаржының қазанда 7 млн 312 мыңын, ал, қарашада 10 млн 400 мың теңгесін аудардық. Есепшотымызда әлі аударылмаған қаржылар тұр. Мұрат ағай көзі тірісінде «бәрі алаяқ» деп жиі айтатын. Бірақ олардың кім екенін ашып айтпады, -дейді селолық мәдениет клубының есепшісі Нұрбөпе АРҒЫНБАЕВА. 

Мердігер жұмыстарды 30 қарашада бітіруге тиіс болатын. Бірақ Мұрат Бисенғалиевтың соңғы жазбаларынан күрделі жөндеу жұмыстарының таза жүрмегендігі анық байқалады. Онда кесте жұмысы тапсырылмағаны, орындалған жұмыстың өлшеу актісі  жоқтығы, сметалық құжатпен өлшемдер сәйкес келмейтіні («Бисенғалиев «мен оған ақшаны қалай төлеймін?» деп жазыпты) жазылған. Екінші бір қағазда жөндеу ісінің ұзаққа созылып кеткені, оған аудандық құрылыс бөлімі ықпал ету қажеттігі жазылған. Туыстары бұл хаттарды суицидтің күрделі жөндеумен байланысты екенінің дәлелі ретінде қолданбақ. 

- Мұрат менің туған ағамдай болып кеткен адам. Біз ұрысқан жоқпыз, бәрі жалған. Оны кім айтып жүр? Рас, ол күйзелісте жүрді, бірақ мен ол бұлайша өзін өлімге қияды деп ойламаппын, -деді Өрлік округінің әкімі Қайрат Иманғалиев.

- Кепілдік хатта көрсетілгендей, бітпеген жұмысқа неге ақшаны аударттыңыз?

- Ол қаржы мердігерге емес, әкімшіліктен мәдениет үйінің есепшотына аударылды. М. Бисенғалиев қорыққасын, мен кепілдік хатты өз мойныма алып, жазғанымды растаймын.

- Осы хаттан кейін Бисенғалиев күйзеліске түсіпті...

- Мен қорқып жүргесін уақытша жұмысты тастаңыз дедім. Бірақ, ол бас тартты. 

- Қазір жөндеу жұмысы қалай жүріп жатыр?

- Жоспардағыдай. Уақытынан кешікті, бірақ бітуге жақындап қалды. Мердігерден өсімпұл талап етеміз.      

Біз мәдениет үйінің күрделі жөндеуін көру үшін нысан басына екі рет бардық. Нысан іші тас-талқан, астан-кестен. Едендер төселмеген, толық әктелмеген, залдағы жұмыс бітпепті. Жұмысшы-лар жайбарақат күйде. Суретке түсіріп жатқанымызда бір жігіт біздің фотоаппаратымызға жармасты:

- Сіз, біріншіден, әкімшіліктен рұқсат сұраңыз. Суретке түсіруге болмайды, бұл жерден шығыңыз, кетіңіз.

- Сіз кім боласыз?

- Мені осы жерге үш күнге қарайсың деп қойып кеткен. Сондықтан ештеңе айта алмаймын. Бастықтарды өзіңіз тауып алыңыз.

Кейін ол әлдебіреулермен сөйлесіп жатты. Біз тағы бір барған-да оншақты жұмысшы сырттағы пандусты бұзып жатты. Көбі арақ ішіп алыпты. Ал, іште жұмыс жасап жүрген бір адамды көрмедік.

Біраздан кейін полиция екі адамды бөлімшеге алып кетті. Ал, қалғаны жан-жаққа қашты.

- Біз бақылауға алатын боламыз, -деді Индер ауданы әкімі Серік АРЫСТАН.

Кейін бізге Жеңіс  Бисенғалиев хабарласып, туыстары облыстық прокуратураға және басқа да құзыретті органдарға арыз түсіргенін айтты.

Ж. Бисенғалиевтың айтуынша, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Бисенғалиевке қатысты істің біріктірілгенін хабарлаған.

- Бүгінде аталған факт бойынша ҚР ҚК 102-бабының («Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу») 1-тармағы бойынша қылмыстық іс көтерілді. Аудандық ІІБ іс қайта тергеуге жіберіліп, жұмыстар жүруде, -дейдіИндер ауданы прокурорының орынбасары Ғани АБДРАХМАНОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.