Атырау, 18 желтоқсан 20:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

«Көршілерде көлік арзан!»

7 764 просмотра

Рубльдің құлдырауы жергілікті халықтың Ресейге автокөлік сатып алу үшін ағылуын тудырды. Достарым, таныстарым, әріптестерім арасында қазір осы ресейлік қалалардан арзан бағаға алып келген көліктері туралы әңгіме жүріп жатыр.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР КӨП ПЕ ДЕЙСІЗ БЕ? ЖЕТКІЛІКТІ»

Әлеуметтік желілерде тұтас бір қауымдастықтар осы мәселе туралы ақпараттармен алмасуда, білетіндер Астрахан мен Самара автосалондарында барлық машиналар сатылып кеткен деп жазып жатыр. Бірақ бұл барушыларды еш тоқтатар емес: арзан көлік алуды мақсат еткендер әрі қарай Мәскеуге, Краснодарға, Чебоксарыға дейін кетіп жатыр.

Жаңа машина сатып алуда бір қиыншылық бар – автосалондардың ресми дилерлерінің өзге елдің азаматтарына көлік сатуға құқылары жоқ. Алайда, біздікілер бұл жерден де жол тапқан. Олар алдын ала келісім бойынша Ресей азаматына сатып алынатын көлікті өз атына ресімдеуге өтініш білдіреді (әрине, белгілі бір сомаға), кейін онымен мәміле жасайды. Сатып алу-сату шартында ҚҚС-тан үнемдеу үшін көлік бағасы (Ресейде 18%, Қазақстанда - 12%) төмен көрсетіледі.

Көлік бағасы туралы ақпараттарды автосалондар сайтынан алуға болады. Мен Атырау Тойота орталығы мен Астрахан Тойота орталығының сайттарын ашып, прайстарын салыстырдым. Бізде сұранысқа ие Тойота Камри (мәселен, толық кешенді) Астраханда 1 148 000 рубль немесе $22 707 тұрады, ал, бізде $37 200. Әрине, стандартты кешенді Камриді одан да арзанға алуға болады. Астрахан салонында маған тек бір модель – 2 млн рубль тұратын Тойота Хайлюкс қалғанын айтты. Мен Атыраудан соғып тұрғанымды айтып, біздікілер көп келіп жатыр ма деген сұрағыма «жеткілікті» деп жауап берген қыз сату орталығымен қосуға ұсыныс жасады. Алайда қосуға әрекеттенген бірнеше әрекеті сәтсіз болды, менеджерлердің қолы тимеді.

 

ЕРТЕ БАРДЫМ

Ресейлік бағамен көлік сатып алғандар былай дейді. Николай ай жарым бұрын Чебоксарыдан 2011 жылғы 53 мың шақырым жүрісі бар, 1,6 көлемді Форд Фокус көлігін 440 мың рубльге алған. Бұл - $9500 (сол кезде 1 рубль 3,9 теңге тұрды).

- Атырауда ең жаңа деген 2009 жылғы, ұзақ жүрісі бар Форд Фокус $10 000-11 000 тұрады, - дейді ол. –Мен машинаны алдын ала таңдап, иесімен келісімге келдім. Ресейге доллармен барып, сол жақтан ауыстырдым, тиімдісі сол. Көлік иесіне кепіл ақша бердім. Ол машинаны есептен шығарып, сатып алу-сату шартын ресімдеп, транзиттік номермен Атырауға келдім. Үйге тәулікке жетпейтін уақытта түстік. Ресейден 18% ҚҚС төлеген жоқпын, өзіміздің 12%-ды төледім, алайда Салық департаменті мені бағалау компаниясына жіберді, өйткені, ҚҚС тек үлкен сомаға (сату немесе сатып алу сомасына) салынады. Маған 180 мың теңгедей шықты.

ҚҚС төлеп, сол Салық департаментінде декларация тапсырдым. Бұның екі апта уақыт алатынын бірден ескертті. Өйткені, мен жалғыз емеспін, Ресейден көлік қуып келіп жатқандар көп. Декларацияны алғаннан кейін мені сәйкестілік сертификатын алуға, яғни, көлігімнің қазақстандық нормаларға сәйкестігін тексертуге жіберді. Қалада осымен айналысатын мамандандырылған сертификациялау компаниялары бар, солардың біріне бардым. Егер бұрын білгенде, декларациямен бірге жасар едім. 2 аптам босқа кетті. Бүгін құжат тапсырып, 18 мың теңге төледім, 3-4 күннен кейін келуімді сұрады. Содан кейін Жол полициясына тіркетуге барамын. Құжаттардың артында бір айдай уақытым кетті, білмегеннен ғой. Жалғыз өкінетінім, ерте бардым. Қазір бұл машина көп арзанға шығар еді. Атырауға келе жатқанда сақтандыру қағазын жасау үшін Орал қаласына тоқтадым. Сол жерде бір жерлесімді кездестірдім. Ол Ресейден төртінші Тойотаны қуып келе жатыр екен. Ресейдегі 18%, Қазақстандағы 12% ҚҚС-ты төлегеннің өзінде арзанға шығады деген сырын айтты.

 

«ТҮМЕННЕН НИССАН  ҚУЫП КЕЛЕМ»

Руслан бір апта бұрын Астраханнан 2012 жылғы 3 л., турбодизель Прада Ланд Крузер автокөлігін $22 000-ға алып келген.

- Ол бұл жерде 50 мың доллардан арзан болмайды. Салоннан алмағандықтан, ресейлік ҚҚС төлеген жоқпын. Сол жақтың салондарында қазір жаңа машина жоқ, досым барған екен, «жерлестеріңіз бәрін алып кетті» депті. Бұл жерде де ҚҚС төлеген жоқпын, 1 қаңтардан бастап алып тастайды дейді ғой. Сондықтан да көлігім әзірге үйде тұр, жаңа жылдан кейін ресімдеймін. Жақында бір танысым Мәскеуден 100 мың доллар+12% бағамен Мерседес GL алып келді, бәрібір арзан. Алматыда мұндай модель 150 мың доллар тұрады. Ресейліктер үшін қазіргі бағаның еш айырмашылығы жоқ, онда барлығы рубльдің курсымен есептеледі, бұл жақсы, ал, бізде егер доллардың курсы көтерілсе, барлық баға доллар құнымен кері есептеледі.

Қазақстанның Ресеймен шектесіп жатқан басқа қалаларында да жағдай осындай. Петропавлдағы танысым былай дейді:

- Біздің қасымызда Түмен, Омск, Екатеринбург қалалары бар. Жергілікті автосалондардың саудасы тоқтап қалған, бәрі Ресейге барады. Ол жақта 2010 жылдан бергі еуростандарт-4 сапалы көліктер бізден 5-10 мың долларға арзан. Бізге көбіне Тойота, Лексус және Ниссан әкеледі. Досым15 000 долларға 2014 жылғы Хюндай Соната алып келді. Алматыдағы автосалонда осындай көлік 6 млн теңге ($30 000-нан аса) тұрады. Мен Түменнен 12 300 долларға 2010 жылғы Ниссан Тиана алып келемін. Иесімен сөйлестім. Алматыда ол $23 000 тұрады.

 

ҚАРАӨЗЕК РҰҚСАТЫН БЕРІП ТҰР

Дүйсенбі күні редакциямызға Астраханнан әкеле жатқан көліктерін шекарадан өткізбей тұр деп атыраулықтар телефон соқты. Олардың айтуынша, шекарашылар өткізу бекетін жауып тастап, сол жерде үлкен кептеліс пайда болған. Астрахан облысының Ресей-Қазақстан шекарасы арқылы өтетін «Қараөзек» автокөлік өткізу бекетіне хабарластық. Өзін таныстырғысы келмеген ауысым басшысы мұны жалған ақпарат деп атады: көлік құралының құжаттары дұрыс болса, оны ұстауға негіз жоқ. Оның айтуынша, рубль бағамының төмендеуіне байланысты соңғы айларда Астраханнан сатып алынған көлікпен шекарадан өткен Қазақстан азаматтарының саны бірталай өскен.

 

БАҒАЛАР ТЕҢЕСЕ МЕ?

Ресейден көліктен басқа азық-түліктер тасып, жылжымайтын мүлік те сатып алып жатыр. Олег – жеке кәсіпкер, қонақ үйлер мен мейрамханалардың тапсырысы бойынша Астраханнан азық-түлікті көтерме бағаман жеткізеді.

- Рубль курсының құлдырауы бізге тиімді, азық-түлік екі есе арзандады. Мен құс филесін, тіл, ақсерке, асшаян, краб таяқшасын және басқа да өнімдерді әкелемін. Мәселен, рубль құлағанша асшаяндардың келісі 600-650 рубль тұрды, қазір – 380 рубль. Алайда, үш күн бұрын ол жақта бағаны бір жарым есеге көтерді, баға бұрынғы қалпына келді.

Олегтің айтуынша, бұрынғы бағалар Ресейде үш апта сақталған. Сарапшылар рубль курсының төмендігіне байланысты байбалам жуырда басылатынын айтады, өйткені, РФ мен ҚР бағалары теңеседі. Ал, әзірге осындай күй теңгенің де басына түспейтініне еш сенімі жоқ халық Ресейден арзан көлік, техника және басқа да тауарлар сатып алу мүмкіндігін пайдаланып қалуда.

Қазақстандықтар осындай пайданы қашанға дейін пайдалана алады деген сауалмен біз сарапшыға жолықтық.

Міне, сарапшының пікірі. Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, экономист, Алматы:

- Осы мүмкіндіктер терезесі тек уақытша ғана ашық тұр. Бір-екі айдан кейін Ресейдегі бағалар көтеріледі немесе қазақстандық автосалондар бағаны түсіреді. Жалпы алғанда, Ресейдегі арзан бағаны пайдаланып қалғылары келетіндер санының көптігінен жергілікті автосалондардағы сауда күрт төмендеп кетті, оған қоса, сұранысты кері бағалап, әкелінген автокөліктерді сата алмай қалу қаупі де жоқ емес, бірден бірнеше көлік алатындай қазақстандықтар бай емес. Сонымен қатар, әркім біреулер арқылы емес, өзі барып әкелуге тырысады (алыпсатар үстінен аз ақша қосып сатқан жағдайдан басқа).

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

17 желтоқсан 2014, 17:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.