Атырау, 27 қараша 23:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

2015 жылы облыс қазынасы қайда жұмсалады

3 863 просмотра

15 желтоқсанда облыстық мәслихаттың 29-шы сессиясында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ мемлекеттік қызметшілер мен депутаттарды 2014 жылдың аяқталуымен құттықтады. 2015 жылдың бюджеті туралы облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА баяндама жасады.
- Келесі жылы облыстық қазынадан республикалық бюджетке алым көлемі 60,6 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылға қарағанда тоғыз жарым миллиардқа көп. Республикалық трансферттерді есептемегенде облыс бюджетіне түсетін кірістер 65,7 млрд теңге деңгейінде күтілуде. Бұл 2014 жылдың деңгейінен үш миллиардқа көп.  
2015 жылы Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданындағы, Қызылқоға ауданы Сағыз селосындағы, Мақат ауданы Доссор поселкесіндегі мектептердің құрылысына; облыстық маңыздағы Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз (80-203 шақырым) жолын қайта қалпына келтіруге; Махамбет поселкесіндегі Жайық өзені арқылы көпір құрылысын жалғастыруға; "Ақбұлақ" бағдарламасы бойынша 9 нысанның (Атырау қаласындағы, Исатай ауданы Тұщықұдық селосындағы, Жылыой ауданы Тұрғызба селосындағы, Махамбет ауданы Сарытоғай, Ақтоғай, Жалғансай, Алмалы, Таңдай, Алға селоларындағы) құрылысына; баспаналар мен инженерлік коммуникацияларды жобалауға және салуға; Жайық өзеніндегі су көлемі мен гидрологиялық режимді көбейтуге трансферттер бөлу жоспарланған.
2015 жылдың 1 шілдесінен бастап әкімдіктегі әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақасы 15 пайызға, аса айрықша жағдайда еңбек ететін мемлекеттік қызметшілерге жатпайтын қызметкерлердің жалақысы 15 пайызға, білім беру, мәдениет, спорт органдарындағы азаматтық қызметшілердің және мемлекеттік қызметшілерге жатпайтын басқа мамандардың жалақылары 28-40 пайызға көбейтілетін болады.
Облыстық бюджеттен Тұщықұдық селосындағы "Құлыншақ" балабақшасына жалғама , Исатай ауданының Қызыл үй селосындағы 80 орындық мектеп пен Зинеден селосындағы 100 орындық балабақша ; Индер ауданы Есбол селосындағы мектеп-интернат, Атырау қаласындағы 11 мектептің жалғама-асханасы мен 100 келімдік емханалар құрылысы қаржыландырылатын болады. Индер ауданы Индербор поселкесінде осындай емхана мен Көктоғай селосында дәрігерлік амбулатория; Исатай ауданы Жанбай селосында және Аққыстау селосының Өркен ықшамауданында фельдшерлік-акушерлік қосындар мен Құрманғазы ауданы Ганюшкин селосында РТС салынатын болады.  
Облыста мәдени-спорттық мақсатта Атырау қаласынан теннис кортын, Құрманғазы ауданы Дәшін селосына, Исатай ауданы Жанбай селосына және Қызылқоға ауданы Қарабау мен Мұқыр, Махамбет ауданы Береке, Атырау қаласындағы Еркінқала, Ақжар, Жаңаталап, Жұмыскер селоларына  13 нысанды салу жоспарланып отыр. Исатай ауданы Тұщықұдық селосындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілетін болады.  
Инфрақұрылымдық 17 жоба жүзеге асырылатын болады (Махамбет поселкесіндегі көпірді қосқанда): Жанбай поселкесіне, Қызылқоға ауданы Жасқайрат, Жангелдин, Мақат ауданы Бәйгетөбе, Жылыой ауданы Шоқпартоғай, Қосшағыл селоларына жол салу,  Атырау-Индер тас жолын күрделі жөндеуді жалғастыру және Индербор мен Махамбет поселкелеріндегі ішкі жолдарды жөндеу жұмыстарын аяқтау.
Мақсаттық трансферт қаржысына Индер ауданының Аққала, Гребенщик, Құрылыс селоларына және Құрманғазы ауданы Жыланды селосына су тазарту құрылғылары мен су құбыры орнатылатын болады. Сонымен қатар, Доссор поселкесіндегі Болашақ ықшамауданында су құбыры құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді.
«Первомайский» ЖШС-де голланд  «голштино-фриз» тұқымды сиыр басын екі есеге көбейтуге 1 млрд теңге, ТЖ департаментінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 150 млн теңге, облыстық полицияға 599 млн теңге, бейнекамераларды орнатуға 155 млн теңге бөлінеді.
Сессияда сот жүйесінің ардагері Ирак Елекеевке, Қалидолла Шаухаровқа, теміржол жүйесінде - Амангелді Селбаевқа, ауыл шаруашылығы саласында - Шайдолла Каримов пен ҚР парламенті сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищановқа "Атырау облысының құрметті азаматы" атағын беру бекітілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

16 желтоқсан 2014, 21:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.