Атырау, 28 қараша 00:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жаңа үй құрылысы комбинаты ашылды

2 049 просмотра

Атырауда «Direkt Construction Service» ЖШС үй құрылысы комбинатының (ҮҚК) салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Қазақстандағы АҚШ-тың дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Майкл КЛИЧЕВСКИЙ, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, DCS ЖШС-нің шетелдік серіктестері қатысты.

Үй құрылысы комбинаты Атыраудың солтүстік өнеркәсіп аймағында (Атырау-Астрахан тас жолы) орналасқан.«Direkt Construction Service» ЖШС директоры Рүстем РАМАЗАНҰЛЫНЫҢ айтуынша, кәсіпорында 40 адам еңбек етеді. 10 инженер қызметкері Штаттардан екі айлық курстар оқып, өндірістің үздік технологияларын үйреніп келді, бүгінде өздері де кәсіпорынның басқа қызметкерлерін оқытуда. Комбинатта жылына 50 мың шаршы метрге дейін баспана немесе 35 мың текше метр темір-бетонды бұйымдар шығарылады. «Даму-Өндіріс-2» бағдарламасы бойынша 1 млрд 850 млн теңге мөлшерінде қаржыландырылған. Алдағы уақытта өндірістік қуаттылықты арттыру жоспарланып отыр.

– Штатты 60 адамға дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Жаңа технологиялар бойынша жылытылған мобильді үйлерді салатын боламыз. Әрі қарай бұл тұрбалары, батареялары, кіріктірме розеткалары бар блоктар болмақ. Үйлер лего сияқты құрастырылатын болады. Тұтынушыларға тек әрлеу жұмыстары ғана қалады, - деп атап өтті Р.Рамазанұлы.

Кәсіпорын «Самұрық қазына» қорымен Нұрсая ықшамауданындағы 15 үйге келісімшарт жасаған. Облыстық әкімдіктен де өтінімдер түсуде. Мұндай баспананың құны – бір шаршы метрі 116 мың теңге тұрады. ҮҚК өнімдері ТШО-ның үшінші буынды зауытында да қолданылады. Кәсіпорын қазақстандық шикізатты қолданады, шетелден тек химиялық қоспалар ғана жеткізіледі.

Бұл облыстағы екінші үй құрылысы комбинаты. «БатысАльянсСтрой» ЖШС ҮҚК жылдың бірінші жартысында іске қосылды. Оның өнімдері, атап айтқанда, Салтанат сарайын салу кезінде қолданылды. Осы комбинаттың екінші кезегі жыл аяғында іске қосылады.

– Құрылыс кезінде жергілікті материалдарды пайдалану халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік береді, - деп есептейді Ғ.Дүйсембаев.

«Direkt Construction Service» ЖШС негізінен өндірістік нысандар құрылысына маманданған. Ал ҮҚК жобасын жүзеге асыру үшін олар американдық «Spancrete Machinery Corporation» компаниясымен шарт жасасқан. Американдық серіктестері жеткізген жабдықтар басқа қажетті өнімдерді: шыны панельдерді, бөлмеаралық қоршауларды шығару үшін профилін өзгертуге мүмкіндік береді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 желтоқсан 2014, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.