Бақайшағына дейін қаруланған лаңкестік топ Сиднейдің орталығында орналасқан «Lindt» дәмханасын басып алып, ондаған адамды тұтқынға алды. Лаңкестер дәмхананы жарып жібереміз деп қорқытып, Австралия премьер-министрі Тонни Эбботтың олармен байланысқа түсуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Bnews.kz.
Эбботт ұлттық қауіпсіздік комитетін аяққа көтерді. «Бұл тұтқынға түскен азаматтарымыз үшін расында өте қауіпті жағдай. Алайда, ел халқын сендіріп айтамын, біздің құқық қорғау органдарымыз бен әскери құрылымдарымыздың қызметкерлері жағдайды реттеу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды», - дейді премьер-министр.
Әзірге тұтқынға алынғандар арасында жараланғандар мен зәбір көргендер жайлы ақпарат жоқ. Кей деректерге жүгінсек, лаңкестер дәмханаға басып кіргенде 13-ке тартқа адам болған. Ал дәмхана қожайынының айтуынша, онда 50-ге жуық адам болуы мүмкін.
Лаңкестер тұтқынға алынған азаматтарға арабша жазылған туды ұстатып, витринаға жақын тұрғызып қойған. Жергілікті 7News телеарнасының хабарлауынша, бұл ту «Ислам мемлекеті» радикады ұйымының туына ұқсамайды.
Полицейлер бұл ауданды қоршауға алып, көрші тұрған ғимараттардағы адамдарды қауіпсіз орындарға көшіріп жатыр.
Қыркүйек айында «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының басшылары Австралия тұрғындарын жаппай өлтіретіндіктерін хабарлағаннан кейін ел үкіметі азаматтарға лаңкестер тарапынан қауіп төнгенін мәлім еткен болатын. Ал қазан айында Австралияның Әскери әуе күштері лаңкестік ұйымның Ирак пен Сириядағы бекіністеріне шабуыл жасай бастады.
Дереккөз: bnews.kz
15 желтоқсан 2014, 09:38
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.