Ұлттық банк басшысы мен үкіметтің ұлттық валюта тұрақтылығы туралы үміттендіретін мәлімдемелеріне қарамастан қазақстандықтар девальвацияның екінші толқыны орын алады деген қорқынышпен теңге валютасында жинаған жинақ қорларынан құтылуда. Атап айтқанда, тек қараша айында атыраулықтар нарығымыздағы сұранысқа ие үш негізгі валютамен – доллар, еуро және ресейлік рубльмен барлығы 16,4 млрд теңгеден астам сомада салым салды.
БЕЙМАЗА БЕЙСЕНБІ
Ұлттық валютаға сенім жоғалуда және бұған негіз жоқ деуге болмайды. Желтоқсанның басында «Росбизнесконсалтинг» ақпарат агенттігі рейтинг жариялады. Онда Қазақстан ең әлсіз валютасы бар елдің ондығына (сегізінші орын) кірген. Жыл басынан бері долларға қатысты теңге өз құнының 15 пайызын жоғалтты. Айта кету керек, ондықта екінші орын (Украинадан кейін) Ресей рублінің еншісіне тиген. Ол долларға қатысты 39 пайызға құнсызданған.
Банкирлер бүгінде олардың клиенттерінің арасында тұтынушылық несиесін теңгемен ресімдеу келісімінің тиімді екендігіне күмәнданып, теңге кешікпей құлдырайды деген күдікпен оларды долларға айналдырып, депозит шотына салып тастайтындар жеткілікті екенін жасырмайды. Газетімізге ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының валюталық операцияларды бақылау бөлімінің бастығы Айгүл ИБРАЕВА ұсынған статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың қарашасында Атырауда өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда, тұрғындар 22 млн доллар мен 368 млн рубльді көп сатып алған.
Салыстырмалы кесте мынадай:
2013 жылдың қарашасы
Тұрғындардан сатып алу
$ – 14 млн
RR – 71 млн
Eуро – 491мың
Тұрғындарға сату
$ – 52 млн
RR – 235 млн
Еуро – 1,5 млн
2014 жылдың қарашасы
Тұрғындардан сатып алу
$ – 11 млн
RR – 74,1 млн
Eуро – 257 мың
Тұрғындарға сату
$ – 74 млн
RR – 603,4 млн
Еуро – 2,5 млн
Ағымдағы ай ішіндегі ресми мәліметтер тек келер жылдың қаңтарында ғана дайын болады. Алайда желтоқсандағы салыстырмалы статистикада теңге бұдан да төмен болатындығы айдан анық. Сәрсенбі күні, 10 желтоқсанда кейбір екінші деңгейлі банктер доллар сатып алу операцияларын ғана жүргізіп, сатудан бас тартты. Бұл факт кейбір қала тұрғындарының дүрбелеңін тудырды. Рас, келесі күні таңертең бейсенбіде сол банктерден американдық валютаны ірі көлемде, сәл жоғары бағаммен сатып алуға болатын еді. Бірақ, сол күні кешкісін екінші деңгейлі банктердің бәріне дерлік қоңырау шалып, қолма қол валютаның тағы да ғайып болғанын анықтадым.
Айырбас қосындары желісінің бірінің қожайыны 11 желтоқсанда еуро мен рубль секілді қолма қол доллардың тапшылығына қатысты проблема жоқ екенін растады. Ал осы желінің анағұрлым ірі бәсекелесінде бейсенбіде түстен кейін рубль мен долларды сату-сатып алу операциялары жүргізілмеді.
РУБЛЬ ҚҰЛДЫРАУДА, БАҒА - ЕШҚАШАН
Қазақстандықтардың басқа валютаға – ресейлік рубльге тұтынушылық қызығушылықтары керісінше оның әлсіреуінен туындады. Рубль бағасы жаздың аяғынан бастап түсе бастады. Тамыз айында бір рубльдің бағасы 5,1 теңгеден бастап қазіргі Ұлттық банктің бағамы бойынша (11 желтоқсандағы ахуал) 3,35-ке дейін тұрақты төмендей берді. Алайда рубль жинақ валютасы ретінде емес, тауарлық инвестиция ретінде қаралады. Бізбен шекаралас, оңтүстік, тіпті Орталық Ресей қалаларынан жаппай көліктер сатып алу үрдіске айналды. Куәгерлер Астраханның, Орынбор мен Самараның автосалондары қаңырап қалғанын, оларды дәл біздің босатқанымызды растап отыр. Жаңа үрдіс байқалады – енді қазақстандықтар Ресейдегі жылжымайтын мүлікке ақша салуда. Бір жақсысы, ол жақта көгілдір төлқұжаты бар резидент емес тұлғалар үшін шектеулер жоқ. Азаматтарымыз үшін құрылыс материалдары да жоғары өтімділікке ие болды. Оларды соңғы кездері Ресейден көп көлемде тасымалдауда.
Бір қызығы, рубльдің құлдырауы коммерциялық нарықтың басым бөлігі - ресейлік азық-түліктер мен тұтынушы тауарларының теңгедегі құнына еш әсерін тигізген жоқ. Рубль арзандап, тиісінше, тауардың сатып алу құны да арзандауда. Алайда біздің нарықта оның арзандауы байқалмайды. Бәлкім, айырмашылықты инфляция «жеп қоятын» шығар. Бірақ сатушылардың көпшілігі, әсіресе, күн сайынғы сұранысқа ие емес тауарлар тобының сатушылары бірнеше айдан бұрынғыға қарағанда, анағұрлым көп пайда тауып отырғаны анық.
Бізде табыс тауып жүрген Өзбекстан азаматтары да олжалы. Ол жақта соңғы екі айда доллар да едәуір нығайған: қыркүйектің аяғында бір доллар 3 200 сомнан бастап қазір қара базарда 3 400-ге дейін көтерілген.
«Дина» базарындағы банк бөлімшелерінің қызметкерлері осы нүктелерде көбінесе негізінен Өзбекстан азаматтары доллар валютасын сатып алатынын растап отыр. Бағам айырмашылығы бойынша олар бір доллар үшін 18-20 теңгеге дейін ұтады: бір доллар үшін Ташкентте біздің ақшамызға аударғанда 200 теңге береді.
СБЕРБАНК АЙНАЛЫМДЫ АЗАЙТАДЫ
8 желтоқсанда «Сбербанк-Қазақстан» теңгемен несие беру өтініштерін қабылдауды тоқтатты деген жаңалық та мазасыздық тудырды. Алайда 9 желтоқсанда банктің баспасөз қызметі кепілдікпен ипотекалық несиелер беруге ғана өтініштер қабылдау тоқтатылғандығы туралы хабарлама таратты. Биылғы жылғы «бизнес-күтілімнің асыра орындалғандығына» сілтеме жасай отырып, ресейлік банктің «еншілесі» «дүниежүзілік экономика құбылмалылығының жоғары» болуына байланысты бірқатар несиелік өнімдерге қойылатын шарттарды қайта қарау процедурасы жөнінде де сөз арасында еске салды. Осы екінші деңгейлі банктің бас компаниясы – соңғы жылдары маркетингтік және экономикалық ықпалдастық үшін қазақстандық нарықтағы өзінің еншілесінен ақша аямаған, РФ-ның қуатты қаржы институттарының бірі -ресейлік «Сбербанк». Алайда қазір Ресейде «еркін жүзуге» жіберілген рубль нарықты тоқырауға ұшыратып, сатып алу қабілеттілігін күрт төмендетті. Бәлкім, көрші елдегі осы экономикалық өзгерістер несиелер беру шартын қайта қарауға түрткі болған шығар. Қалай дегенмен де, дүниежүзілік нарықтың құбылмалылығы туралы тұжырымдама аса екіұшты және ол оны түрліше түсінуге жол береді.
Қазақстандағы басқа ресейлік банк – ВТБ банкін де жағымсыз қауесеттер жанап өткеніне таң қалуға болмайды.
– Теңгемен несиелер беру жалғасуда, ешқандай өзгерістер жоқ, кәдуілгі режиммен жұмыс жасаудамыз, - деп телефон арқылы хабарлады ВТБ Атырау филиалы директорының орынбасары Гауһар ҒАБДЫЖАЛЕЛ.
Оқырмандардың бірі «Азия-кредит» банкінің теңгемен несиелер беруді тоқтатқандығын хабарлады. Біз Атырау филиалының заңды тұлғаларды несиелеу бөлімінің бастығы Ермек ИХЛАСОВПЕН хабарласқан едік. Бірақ ол жария етілетін мәліметтерді басшылықпен мақұлдап алу керектігін желеуретті. Ал кейінірек, комментарий беруден мүлдем бас тартты.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА