2012 жылы «Атырау қаласы мен Атырау облысын электрмен қамту нысандарын салу және қайта жарақтау» бағдарламасы бойынша салынған «Ескі қала» (суретте) қосалқы электр стансасы әлі күнге дейін іске қосылмай тұр. Ал жақында күзетсіз тұрған нысаннан металл қоршау ұрланып кетті.
Әлі күнге дейін Киткрай деп аталатын Ескі қала тұрғындары электр жүйесіндегі кернеудің құбылмалы екендігіне шағымдануда.
- Неліктен «Ескі қала» қосалқы стансасы жұмыс істемей тұр? – деп сұрадық біз облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бастығы Ақылбек БАЙШАХАНОВТАН.
- Қосалқы стансада «АВВВ» маркалы күрделі шетелдік жабдық орнатылған, оның күйі жақсы. Бірақ «КЕGОК» АҚ магистральды электр торабының операторы қойған техникалық шарттар бойынша, «Атырау 220» қосалқы стансасына қосу үшін салынған қосалқы стансаға АСКУЭ (электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматты жүйесі) мен СКАДА (диспетчерлік басқару және мәліметтерді жинау) жүйелерінің жабдықтарын орнату талап етілді. Қосалқы стансаға арналған ғимаратты салу жобасында бұл жабдықтар ескерілмеген. Қазіргі кезде осы жүйелерді орнату үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажы бөлінуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор