«Атырау» ойын-сауық орталығының конференц-залында «Тығырықтан жол тапқан» кинофильмінің көрсетілімі болып өтті. Рәсімге мемлекеттік қызметшілермен қатар жергілікті қоғамдастықтар, соның ішінде ҮЕҰ және этно-мәдени орталықтар өкілдері шақырылды.
«Тығырықтан жол тапқан» - Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолына арналған «Елбасы жолы» деп аталатын көркем киноэпопеяның төртінші бөлімі. Бұрынғылары «Балалық шағымның аспаны» (2011 ж.), «Отты өзен» және «Теміртау» (2013 ж.) деп аталды. Басты рөлді Нұрлан Әлімжанов ойнады. Фильмдегі кейіпкерлерді сомдауға қазақстандық әртістермен бірге Валентин Гафт, Евгений Сидихин, Владимир Стеклов, Евгений Стычкин, Виктор Сухоруков, Игорь Ясулович тартылды. Жалпы бюджеті 2,5 млн долларды құрады.
Фильмде бас кейіпкер Сұлтанның Орталық Азиядағы ірі кәсіпорындардың бірі Теміртау металлургиялық комбинаттың партия ұйымының басшысы ретінде атқарған қызметі туралы баяндалады. Авторлардың ойынша, Сұлтан осы кездің өзінде болашақ мемлекет қайраткері ретінде өзін көрсете білген.
Тамара СУХОМЛИНОВА