Атырау, 27 желтоқсан 01:18
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Ұрланды ма, жоғалды ма?

5 943 просмотра

– Жақында жеке бас куәлігіммен бірге әмиянымды ұрлап кетті. Шұғыл арада құжаттарды қалпына келтіру немесе ең болмағанда уақытша куәлік алу керек. Таныстарым құжаттың ұрланғандығы туралы айтпауға кеңес берді, өйткені, жаңа құжаттарды алу ұзаққа созылып кетеді, арыз жазу керек және т.б. деседі. Куәлік ұрланған және жоғалған жағдайда жаңа құжаттарды алу тәртібін білгім келеді. Уақытша куәлікті қалай рәсімдеуге болады?

Телефон арқылы

Сұраққа облыстық ХҚКО бастығының орынбасары Тұрлан НҰРЖАНОВ жауап берді:

– ХҚКО-на тапсыру үшін қажетті құжаттар тізімі сіздің құжаттардан қандай жағдайда айырылып қалғаныңызға – жоғалтып алдыңыз ба, әлде ұрлатып алдыңыз ба, соған байланысты болады.  Жеке бас куәлігін жоғалтып алған жағдайда ең алдымен мекен-жай бойынша АІІБ бөлімшесіне хабарласып, ұрланғандығы туралы арыз жазу керек, содан кейін анықтаушы қызметкер сізге ұрланғандығы туралы анықтама береді. Әрі қарай негізгі құжатты қалпына келтіру үшін тіркелген жеріңіз бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласу керек. Алдын ала 114 нөмірі бойынша Бірыңғай мемлекеттік қызмет көрсету сall-орталығына қоңырау шалып, ұсынылу қажет құжаттар тізімін білу керек. Ұрланған жағдайда жеке бас куәлігін қалпына келтіру үшін өзіңізбен бірге мына құжаттар болу қажет:

1) құжаттың ұрланғандығы туралы полиция анықтамасы;

2) ұрланған жеке бас куәлігіңіздің көшірмесі (егер бар болса);

3) 0,2 АЕК (370 теңге) мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлегендігіңіз туралы түбіртек;

4) төлқұжат (болған жағдайда (көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасы);

5) мекен-жайы анықтамасы (оны ХҚКО-нан алуға болады) немесе азаматтарды тіркеу кітабының (үй кітабы) көшірмесі (көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасы).

Жеке бас куәлігі жоғалған жағдайда тіркелген мекен-жайыңыз бойынша ХҚКО-на келесі құжаттар тізімімен бару керек:

1) жеке бас куәлігінің жоғалу жағдайы көрсетілген жазбаша өтініш;

2) 0,2 АЕК (370 теңге) мөлшерінде мемлекеттік баж салығының төленгендігі туралы түбіртек;

3) жоғалған жеке бас куәлігінің көшірмесі (егер бар болса);

4) төлқұжат (болған жағдайда (көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасы);

5) мекен-жай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабының (үй кітабының) көшірмесі (көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасы).

Егер сіз жеке бас куәлігін бірінші рет жоғалтып отырсаңыз, ешқандай айыппұл санкциясы қолданылмайды. Бір жыл ішінде қайтадан жеке бас куәлігін жоғалтқан жағдайда азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 377-бабының 1-тармағы бойынша 5 АЕК мөлшерінде (9 260 теңге) айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Жеке бас куәлігін қалпына келтіру процесі 30 күнтізбелік күнді құрайды, бірақ қажет болған жағдайда жеделдетілген түрде 7-ден 15 жұмыс күніне дейінгі мерзімде қызмет көрсетіледі.

Жедел рәсімдеу құны:

7 жұмыс күні – 1 989 теңге;

10 жұмыс күні - 904 теңге;

15 жұмыс күні – 563 теңге.

Жеке бас куәлігін жоғалтқан жағдайда және жаңа құжатты алғанға дейін уақытша жеке бас куәлігі беріледі. Оны ХҚКО қызметкері азаматтың қалауы бойынша қолмен мемлекеттік немесе орыс тілінде анық етіп жазады. Уақытша жеке бас куәлігіне азаматтың аты-жөні, әкесінің аты, туған күні мен жері, ұлты (қалауы бойынша), мекен-жайы, берген орган мен уақыты, жарамдылық мерзімі, азаматтың қойған қолы енгізіледі. Уақытша жеке бас куәлігі 3 айға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл мерзім азаматтың арызы бойынша тағы 3 айға ұзартылуы мүмкін. Айтпақшы, жеке бас куәлігі жоғалған немесе ұрланған кезде көп жағдайда нотариалды расталған жеке бас куәлігінің көшірмесін қолдануға болады. Нотариалды расталған жеке бас куәлігінің көшірмесі банк операциялары, нотариалдық қызметтер, аттестат, диплом алу, бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсырғанда, сонымен қатар некеге ресми тіркелген жағдайды қоспағанда, көптеген мәселелерді шешуде заңды күшке ие.

11 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.