Атырау, 28 қараша 00:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Сақалды құрылыстар

2 549 просмотра

Терможаңғырту бағдарламасына сәйкес жыл аяғына дейін Атырауда 22 үй күрделі жөндеуден өтуі керек. Қаланың тұрғын үй қорын аралау кезінде әкім Нұрлыбек ОЖАЕВ жұмыстардың сапасын тексерді.

Қала басшысы бастаған әкімдік қызметкерлері Авангард, Балықшы және қала орталығындағы нысандарда болды. «Ануар-Авангард» ПИК төрағасы Людмила ШАРОВАТОВАНЫҢ пікірінше, 2011-2012 жылдардағы терможаңғырту бағдарламасына кірген үйлерді күрделі жөндеу биылғылардан сапалы болған. Шарт бойынша мердігерлер жұмысты 20 қазанда аяқтауы керек еді, ал іс жүзінде осы уақытқа дейін созбалап келеді.

- Тұрғындардан шағымдар түсіп жатыр ма?- деп сұрады әкім.

- Толып жатыр!- деді Л. Шароватова. – Телефонға тыным жоқ: тұрғындар өз шағымдарын ең бірінші мердігерлер мен ТКШ бөліміне емес, ПИК-ке айтады ғой. Бір жерде есіктер дұрыс жасалмаған, домофондар қосылмаған. Жұмыс жасап жатқандарға он рет бардым, ескерту жасадым, алайда бәрібір өз дегендерін істейді. Іс жүзінде олар осы дұрыс жасамаған нәрселерін, мәселен, үйдің сыртқы беті бойынша жұмыстарын келесі жылдың 1 сәуірінен кейін кері бастаулары керек. Салыстырып айтсақ, 2012 жылы 49-үйді күрделі жөндеуді қазан айының аяғында бастап, желтоқсанның ортасында аяқтады, өте сапалы жасады. Ал мына 7 үйді шілде айында бастап еді, әлі аяқтаған жоқ.

Н. Ожаевтың айтуынша, қалалық әкімдік қазір ықылассыз мердігерлердің тізімін жасап жатыр, бұған енгендер енді бюджетпен жұмыс жасауға жіберілмейді. Басқа үйлерде де осындай проблемалар болды. Осыған байланысты қала әкімі мердігерлерге аптасына бір болса да ПИК-терде қабылдау күндерін өткізіп, тұрғындардың шағымдарын қабылдауды ұсынды.

- Біз ай жарым уақыт жобалаушыны күттік, өйткені жоба бойынша шатыр ҚНжҚ талаптарына сәйкес келмеді, келісім алғымыз келді. Шатырды да біраз уақыт жаба алмадық, материалдарды жеткізуде кешеуілдетулер болды. Менің қолымда тұрғындар атынан жазылған алғыс хаттар бар,- деп мәлімдеді мердігер «Бакар» ЖШС директоры Нұргүл САТЫЛҒАНОВА. Шынын айту керек, ПИК өкілдері бұл «алғыс хаттарға» мысқылмен қарады. Ол аз дегендей, бастықтардың келгенін естіп келген тұрғындар орындалған жұмыс актіне қол қою үшін ПИК қызметкерлеріне пара беруден де тартынбайтындарын айтып салды. Ал тұрғындарға шағымданбағандары үшін күрделі жөндеуге төлейтін ай сайынғы төлемді азайтуға сөз береді екен.

Мердігерлер, өз кезегінде, орын алған олқылықтарға басқа да ұйымдардың кінәсі бар екенін айтты.

- Кіреберістерді ақтап-сырлап болған бойда біресе энергетиктер, байланысшылар, біресе кабельдік теледидар, интернет қызметкерлері келеді. Бұрғылап, қағып, жасаған жерлерінде қоқыстарын жинамай кетеді. Солардың кесірлерінен біз бір жұмысты екі-үш рет қайталап жасаймыз, қосымша шығындарға батамыз.

Жұмыстар басталмас бұрын қалалық әкімдік барлық кәсіпорындарға өз кестелерін мердігерлермен келісіп алыңдар деп хабарлама жіберген екен. Алайда жеке меншік компаниялар бұл хабарламаға назар аудармай, жұмыстарды тек қаржы болған кезде жасаймыз деп уәж айтқан.

- Жұмыс актілерін жасаңыздар және материалдық шығындарды солардан талап етіңіздер,- деп кеңес берді Н. Ожаев.

«Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директоры Асылбек МҮЛІКОВТЫҢ айтуынша, 22 үй ішінен 4 үйде әлі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, олар желтоқсанның аяғына дейін бітуі тиіс.    

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

9 желтоқсан 2014, 12:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.