Атыраудағы ұялы байланыс операторларының сервистік орталықтарында дүрбелең орын алған. Мәселе мынада, 2014 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстандағы тіркелмеген бүкіл ұялы нөмірлер ажыратылады.
- Маған егер өз нөмірімді тіркемесем, оны ажыратып тастайтындығы туралы хабарлама келді, - дейді қала тұрғындарының бірі редакцияға қоңырау шалып. – Бар жұмысымды тастап, өз ұялы операторымның кеңсесіне жүгіріп баруға тура келді. Ол жерде осындай проблемамен адамдар өріп жүр екен. Бәрінде бір сұрақ: неліктен бізге тіркелу үшін аз уақыт - бар болғаны бір ай берген? Кеңседе ұзын-сонар кезек, адамдардың сағаттап күтуіне тура келеді...
Біз Астанадағы «Active/Kcell» бас кеңсесіне сауал жолдадық.
- Оқырмандарымыздың бірінің айтуынша, нөмірді тіркеу қажеттілігі туралы sms оған жоспарлы ажыратуға үш апта қалғанда келген. Тіркеу не үшін қажет және қысқа уақытты белгілеп отырған компания нені басшылыққа алып отыр?
«Kcell» компаниясының баспасөз хатшысы Наталья ЕСКОВАжауап береді:
- Міндетті түрде тіркеу Қазақстандағы бүкіл ұялы байланыс операторларын абоненттермен келісімшарт жасауға міндеттейтін айқын заңды талаптарға байланысты қажет. Біз Инвестициялар және даму министрлігінің талабы бойынша міндетті тіркеуден өту қажеттігі туралы абоненттерімізді алдын ала хабардар ете бастадық. Министрлік 1 желтоқсанға дейінгі мерзімді белгіледі. Қазір ол 10-ына дейін ұзартылды, бірақ нөмірлерін биылғы жылдың 10 қазанынан кейін ғана іске қосқан абоненттер үшін. Егер абонент белгіленген мерзімге дейін тіркеуден өтпесе, біз байланыс қызметін көрсетуді тоқтатуға мәжбүрміз. Абонент өз нөмірін тіркегеннен кейін байланыс қызметі қалпына келтіріледі.
-Тіркеуге арналған бланктерде пайдаланушыларды ойға қалдыратын «телефон маркасын көрсетіңіз», «соңғы төлемнің нақты уақытын көрсетіңіз»... деген тармақтар бар. Сонымен қатар, абонент жиі қоңырау шалатын бес нөмірді көрсету керек. Операторға мұндай ақпараттың қажеті қанша?
- Шынымен де, тіркеуді ресімдеу кезінде біз абоненттерден олар жиі қоңырау шалатын 5-10 нөмірді, телефон маркасын, соңғы төлем уақытын көрсетуді сұраймыз. Бұл осы нөмірді өз атына ресімдегісі келетін адамның өзі қолдана ма, жоқ па, соған көз жеткізу үшін жасалады.
- Сервис орталығына өзі барудан бөлек нөмірді тіркеудің басқа нұсқалары бар ма?
- Абоненттік нөмірді тіркеу үшін байланыс қызметін көрсету келісімшартын жасау керек. Сондықтан келісімшартқа абоненттің өзі немесе сенімхат негізінде әрекет ететін сенімді тұлға қол қоюы тиіс.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ