Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында салынып жатқан теміржол арқылы өтетін өткелдің құрылысы тоқтап қалды, бірақ ауа райына байланысты емес. Жұмысшылар бірнеше айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр.
Өткел құрылысы осы жылы тамызда басталып еді. Жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылды, бірақ олар еңбегіне бір тиын да алмаған. Осыған наразылық танытқан жұмысшылар құрылысқа шықпай қойды.
Нұрбол ЖАМАНОВ, учаске бастығы:
-20-ға жуық адам жұмысқа кірдік. Үйімізге табыс әкелетін болдық деп қуанып едік, алданып қалдық. «Перзент» ЖШС-нің басшысы Шынарбек КӨШАЛИЕВ жалақылары-мыздың кешікпейтінін және осы жылдың желтоқсанына дейін жұмыс жасайтынымызды айтқан болатын. Бірақ уәдесінде тұрмады, жалақымызды төлемей қойды.
- Мердігермен арадағы еңбек келісімшартыңыз бар ма?
- Біз келісімшартқа «Перзент» ЖШС-мен емес, «Тама Дауыл» ЖШС-мен отырдық. Ал, оның басшысын біз әлі күнге дейін білмейміз. Енді еңбекақымызды кім төлейді?
Жағдайға «Перзент» ЖШС басшысы Шынарбек Көшалиев түсінік берді:
- Сағыз ауылындағы өткел құрылысының тапсырысшысы - облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы. Жұмыс құны - 128 млн теңге. Бас мердігер – «Мирас» ЖШС. Біз, «Перзент» ЖШС – қосалқы мердігерміз. Келісімшарт бойынша құрылыс маусымда басталып, жылдың аяғында бітуі тиіс болатын. Бірақ жұмыс тамызда басталып, 10 қазанда тоқтап қалды. Бұған қаржының жетіспеушілігі себеп болды. Себебі, тапсырысшы «Мирас» ЖШС-іне 14 млн теңге аударғанда, «Мирас» бізге соның 1 млн теңгесін ғана аударды. Ал бұл ақша тек өткел орнын қазып, қадақтар қағуға ғана жетті. Жұмысшыларға жалақы төлейтін ақша жоқ.
- Ал «Тама Дауыл» ЖШС қайдан шыққан? Жұмысшылар сізбен емес, неге солармен келісімшартқа отырған?
- Бұл - екінші қосалқы мердігер (директоры - Балқожа ХАМИТОВ). Онымен біз келісімшартқа отырдық, олардың мақсаты - жұмысшыларды жергілікті жерден тартып, оларға тамағы мен жатын орнын тауып беру болатын. Ал біздің міндетімізге қажетті техникамен, құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету кірді. Қаржының жетіспеушілігінен ештеңе істей алмай отырмыз.
Бұл жайтқа қатысты облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының басшысы Аманжан ТӘКЕШОВ біздің ресми сауалымызға жауап берді: «Қызылқоға ауданы Сағыз станциясындағы теміржолдар арқылы өтетін өткел құрылысының құны 127 391,5 мың теңгені құрайды. Жұмыстың бас мердігері – «Мирас» ЖШС. Бүгінгі күні нысанда орындалған жұмыс көлемінің 14 000 млн теңге қаражатын басқарма мердігерге толықтай төлеген. Қазір басқарма тарапынан «Мирас» ЖШС-мен мердігерлік келісімшартты бұзу рәсімдері жүргізілуде».
Бүгінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Мирас» ЖШС-мен заңдылыққа сәйкес келісімшартты біржақты негізде бұзған.
- Тендерге өткел құрылысын жүргізуге «Перзент» ЖШС «Мирас» ЖШС-нің атынан түскен болатын, - дейді «Мирас» ЖШС өкілі Мұрат НАҚПАЕВ. - Бірақ біз өткел құрылысына жауап бермейміз. «Перзент» ЖШС-нің қаржысы болмағандықтан жұмысын тоқтатып отырғанын ғана білемін.
Бүгінде жергілікті тұрғындардың өмірін біраз жеңілдететін өткел тұруға тиіс жерде шұңқырлар мен қадақтар тұр.
- Біз басымызды қатерге тігіп, күнде теміржолдан өтеміз, - дейді жергілікті тұрғындар.
- Қазір біз шұңқырлардың айналасына қоршау салуға көмектесетін демеушілер іздеудеміз. Ал, өткел құрылысына тапсырысшы жауап беруі тиіс, -дедіҚызылқоға ауданының әкімі Мақсот МҰҚАНОВ.
Көз жұмып қарауға болмайтын өрескел жағдай.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА