28 қарашада облыстық мәслихаттың кезектен тыс 28-ші сессиясында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Атырау қаласының кейбір мекемелерінің жаңажылдық шыршаларды қараша айында орната бастағандығына назар аударды.
- Алдымызда басты ұлттық мейрамдарымыз - Тұңғыш президент күні мен Тәуелсіздік күні мерекелері бар. Шыршаны 17 желтоқсаннан бастап құру керек.
Сессияның күн тәртібінде бір мәселе: 2014 жылдағы облыс бюджетіндегі өзгерістер туралы ғана белгіленген.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВАбюджеттегі өзгерістер туралы мәлімдеді. Жалпы сомасы 1 млрд 773 млн теңгенің игерілмеуіне байланысты Атырау қаласы мен аудандарының бюджетінде бірнеше жобаларды қаржыландыру қысқартылды: Атырау қаласындағы, Жылыой, Исатай, Құрманғазы мен Мақат аудандарындағы кәріздік жүйелерді жобалау; Жеңіс саябағындағы ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш құрылысы; Нұрсая ықшамауданынан монша-сауықтыру кешенінің құрылысы; Индер ауданынан 10 тұрғын үй мен Атырау қаласынан 7 тұрғын үй құрылысы; Атырау қаласындағы, Құрманғазы мен Исатай аудандарында «Жас отау» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерді инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету.
Индер ауданының Индербор поселкесі мен Атырау қаласының Геолог поселкесіндегі екі емхана құрылысына; «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының шеңберінде инженерлік коммуникация құрылысына; «Махамбет ауданындағы бөдене еті мен жұмыртқасын өндіретін ферма құрылысы» жобасындағы «Атырау» ӘКК-нің жарғылық капиталын көбейтуге; Махамбет ауданының Алмалы селосындағы «Meken Chiken» бройлерлік балапандар шығаратын фабрика құрылысын аяқтауға; Индер ауданының «Алға» мал шаруашылығы базасында сауын түйелер өсіретін және шұбат өндіретін мал шаруашылығы кешенін ұйымдастыруға; үш деңгейлі біліктілік көтеру жүйесінен өткен мұғалімдердің еңбекақыларын көтеруге; 3 айлық курстарға оқуға кеткен әріптестерін алмастырған Құрманғазы, Исатай және Махамбет аудандарының мұғалімдеріне төлеу үшін қосымша қаржы бөлінетін болады.
2,8 млрд теңгеге трансферттің қысқаруына байланысты республикалық бюджеттен: Махамбет-Индер апатты магистралды газ құбырын жөндеуге, моноқалаларды дамыту бағдарламасының шеңберінде инженерлік коммуникациялар құрылысына, Махамбет және Құрманғазы аудандарын электрлендіруге қаржы бөлу қысқартылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ