Атырау, 27 қараша 21:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Түсініксіз» телім

1 511 просмотра

Исатай ауданы Исатай станциясының тұрғыны Сабырқұл ҚАЗАНҒАПОВ редакцияға жер телімінен тыйымды алып тастау туралы сот қаулысының бір жылдан астам уақыт орындалмай отырғанын айтып шағымданды.

Оның ұлы Асылан Қазанғапов Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2012 жылғы 18 сәуірдегі үкімімен ҚР ҚК-нің 233-2 бабының 2-тармағымен («Террористік топтың қызметіне немесе ол жасаған терроризм актілеріне қатысу») кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.

Тергеу кезінде Асылан Қазанғаповтың атына тіркелген «Тойота-Грация» маркалы көлігі мен «Жұлдыз» ықшам ауданындағы (Атырау қ.) жер теліміне тыйым салынды. Сөйтіп, үкім бойынша тәркіленіп, мемлекет пайдасына аударуға жатқызылды. Алайда, кейін облыстық соттың кассациялық алқасы Қазанғаповтың адвокатының аппеляциялық шағымын ішінара қанағаттандыра отырып, жер телімінен тыйымды алып тастау туралы қаулы шығарады. 

Қаулыны орындау үшін Атырау облысы бойынша сот актілерін орындау Департаментіне 2013 жылдың 18 қыркүйегінде жолданады. Сот орындаушысы Б.Байжанов аталған мүліктен тыйымды алып тастау туралы қаулы шығарып, оны орындау үшін Әділет Департаментіне жолдаған. Содан бері жылдан асты, алайда жерге баяғыша тыйым салынып тұр. Сабырқұл Қазанғапов облыстық прокуратураға хат жолдаған, ал ондағылар Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына арыздану қажет екендігін жазып, «кассациялық сот алқасының қаулысы сот актілерін орындау Департаментіне жолданған. Қазіргі уақытта сот орындаушының қаулысын Әділет департаменті орындауы тиіс» деп жауап берген.   

Ендеше неге орындалмай жатыр? Осы жылдың маусымында ол қайтадан облыстық прокуратураға хат жазды. Бұл жолы прокуратура жауабында әділет департаменті кассациялық сот алқасының қаулысы түсініксіз болғандықтан қазіргі күнге дейін орындамай келгенін, сондықтан сот шешімін қабылдаған кассациялық сот алқасының қаулысына өзгерістер енгізу үшін сотқа қайта шағымдану қажеттігіне кеңес берілген.

Ал Атырау облыстық соты 28 тамыз күнгі жауапта былай деп отыр: «Кассациялық сот алқасының қаулысында А.Қазанғаповтың атына тіркелген жер телімін мемлекет пайдасына кірістіру бөлігі алынып тасталынсын деп нақты көрсетілген. Сондықтан оған қандай да бір өзгерістер енгізуге негіздер жоқ».

Шеңбер тұйықталды деген осы.

- 2013 жылдың 10 қыркүйектен бастап менің жазған арыздарым мемлекеттік органдар арасында доп секілді әрлі-берлі домалап жүр. Осы уақыттан бері мен қолымда сот шешімі бола тұрса да жер телімін пайдалана алмай келемін, – дейді С.Қазанғапов.

Айнұр САПАРОВА

27 қараша 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.