Атырауда Салтанат сарайында вальс королі Шәмші Қал-даяқовтың шығармашылығына арналған бал кеші өтті.
Оны ұйымдастырушылар – Назарбаев зияткерлік мектебі. Кешке 12-сынып оқушылары, сондай-ақ, олардың мұғалімдері мен ата-аналарынан құралған 80 би жұбы қатысты. Алғашқы болып ортаға мұғалімдер билеп шықты. Залды айнала билеген жұптардың әдемі қозғалысы ұстаздардың жақсылап тұрып дайындалғандарын аңғартты. Кештің құрметті қонағы ретінде композитор, қазақ музыкасының зерттеушісі Илья ЖАҚАНОВ шақырылған. Ол жан досындай сыйлаған Шәмші аға туралы естелік әңгімелерімен бөлісті. Илья аға Тиыш апа екеуінің үйлену тойында Шәмшінің сыйлаған «Бәрінен де сен сұлу» әнін де орындап берді. Бұл әннің сөзін ақын Мақсұтбек Майшекин жазған.
Бұдан бөлек, бал кешінде Шәмшінің «Жүрек сыры», «Қайықта» секілді кең тараған баға жетпес әндері шырқалды.
Назарбаев зияткерлік мектебінің шетелдік ұстаздары да өз әсерлерімен бөлісті: Шәмші Қалдаяқов музыкасының жүрекке жылы тиіп, сезімді тербейтінін және вальске келетінін айтты. Оны бекерден-бекер вальс королі деп айтпайды ғой.
Мұндай кештер бұдан былай енді жыл сайын өткізіліп тұрмақ.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ