Атырау, 27 қараша 21:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жерлестеріміз Сирияда жүр

4 586 просмотра

Дос ҚАНАТОВТЫҢ коллажы.Дос ҚАНАТОВТЫҢ коллажы.Жас атыраулықтар «Ислам мемлекетінің» жағында шайқасып жатқан қазақстандықтардың қатарын толықтыруда. «АЖ»-ға құқыққорғау органдарындағы дереккөздерден белгілі болғандай, атыраулық екі спортшы-палуан: 23 жастағы Нұрлан М. мен 19 жастағы Фархат Г. ұрысқа қатысу үшін Сирияға аттаныпты.

 

КҮРЕСКЕ АТТАНДЫ

Жергілікті спорт саласында Нұрланды грек-рим күресі бойынша республикалық чемпионаттың бірнеше дүркін жүлдегері, ҚР спорт шебері ретінде біледі. 2010 жылдан бастап ол №2 Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде балаларды жаттықтырған. Онымен бірге кеткен Фархат - грек-рим күресі бойынша жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР спорт шеберіне кандидат.

«Олар Сирияға шамамен биыл қазанда кеткен. Облыстық спорт басқармасы басшылығы бұдан хабардар. Бәрін ҰҚКД-не шақырды, секцияларда алдын алу жұмыстары жүріп жатыр, бүкіл діндар спортшылар есепке алынды», - деп хабарлайды дереккөз. Бұдан басқа, тағы бірнеше атыраулық жастардың бұдан бұрын Сирияға кетіп қалғаны белгілі.

Тек өткен аптада ғана ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай ӘБІҚАЕВ «Ислам мемлекеті» құрамындағы қазақстандықтардың санын атаған болатын – олар 300-ден астам адам, олардың жартысы әйелдер.

Осы мәлімдемені қоштағандай, өткен демалыс күндері ИМ содырлары жаттығып жүрген қазақстандық жауынгер-балалар туралы насихат бейнежазбасын жариялады. Бейнежазбада қазақ балалары Құран оқу ережесін үйреніп, Калашников автоматын ептілікпен құрастырып, бала дауыстарымен «кәпірлерді өлтіру үшін әзірленіп» жатқандарын айтады.

Естеріңізге салсам, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қазақстандық заңнамада ғұмыр бойы бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

 

"ИСЛАМДЫҚ" ИНТЕРНАЦИОНАЛ

«АЖ» бұдан бұрын Қазақстандағы экстремистік топтардың өз қатарларына жастарды қалай тартып жатқандары және діндарлардың Сирияға шайқасуға не үшін кетіп жатқаны туралы жазған еді («Тағы да қамауға алу, немесе Жас қазақ неге лаңкес атанады?», «Сирияға не үшін кетіп жатыр?»).

Өкінішке орай, Таяу Шығыстағы қақтығыс дүние жүзінің түкпір түкпірінен экстремистерді тарта түседі. Қазір ол жерде мұсылмандардың көзқарасымен әжептәуір діни-догмалық негізге ие жаһандық шиеленіс тұтануда. Сүниттік көзқарасқа сәйкес, Қиямет күні қарсаңында мұсылмандар өздерінің теократиялық мемлекетін құрып, отқа табынушы парсылардың ұрпақтарын (яғни, Башар АСАДТЫҢ алавиттік режимін, шииттік Иранды, Иракты) күл-талқан қылады. Содан соң Шам қаласында оларды Дәжжалмен және сионистермен соңғы шайқасқа бастап шығатын Иса пайғамбардың (Иисустың) көктен түсуін күтетін болады.

Сирия мен Ирак аумақтарында «Ислам халифатының» пайда болуы ислами мемлекеттік-саяси жүйені жүзеге асыру әрекеттерінің бірі болып табылады. Содырлар Ирактың ауқымды аумағын басып алғаннан кейін бүкіл дүние жүзінің мұсылмандарын ИМ қорлыққа түскен бүкіл мұсылман үмбетін құтқарып, жеңіске жеткізетін күш деп иландыра отырып, өз орындарын заңдастыруға тырысады.

Бүгінде сол жерде дүниежүзілік империализмге қарсы радикалды күрес орталығы орналасқан. ИМ идеологтарының пікірінше, дәл осы жерде Алла Тағаланың, әділдіктің, діни бауырластықтың алдында тең дәрежеге ие «жалпыға бірдей бақытты келешек» орнайтын болады. Сол үшін оларға тек сарбаздар ғана емес, дәрігерлер, инженерлер, құрылысшылар мен мұнайшылар да қажет.

Халифат аумағының картасын жариялау – мұсылмандарға жолданған насихат жолдарының бірі: Қош келдіңіздер, бауырлар, біз Андалусиядан (Испания) Хорасанға (Орта Азия) дейін созылған Ұлы Халифатты қалпына келтіреміз. Ал басқа жұрттар үшін бұл – кеуде соғып, қыр көрсету, өз радикалды идеяларын тарату.

Әрине, «исламдық интернационалдың» осы шақыртуына ішкі соғыстардан әбден титықтаған Таяу Шығыс елдерінен бастап, ауқатты Еуропа және АҚШ-тың идея үшін өздерін құрбан қылуға бар пассионар жастары бірінші болып аттанды.

 

ТАКФИР: БІЗБЕН БОЛМАСАҢ...

«Халифат» құрғысы келетін экстремистік топтардың Ислам идеологиясының ең маңызды факторы – такфир жасаумен (дінсіздігімен айыптау) бетпе-бет келуі заңдылық еді.

Бүгінде ИМ сириялық «Джейш Хур» еркін оппозициясын ғана емес, сондай-ақ, өзінің бұрынғы қарулас достары - «Джабхат ан-Нусра», «Даулят аль Исламия», «Нуруддин Зинки», «Джейш-аль-Мухаджирин валь-Ансар» және т.б.топтарын кәпірге шығаруда. Ол аз болғандай, ИМ «Әл Каида» көшбасшысы Айман Аз-Завахиримен де идеологиялық тұрғыдан келісе алмай жүр. Содырлардың келіспей жүрген негізгі дауы – халифат аумағын кеңейту әдістері және ең бірінші кіммен соғысу керек деген мәселе.

Хариджиттікақида ұстанатын (аса радикалды салафиттік сенім) ИМ алғашқы кезекте Шамды (еуропаша Таяу Шығыс) «сефевидтер» (шииттерден) мен олардың көзқарастарын қабылдамай діннен шыққандардан азат етіп, басып алынған жерлерге күшпен шариғат заңдарын енгізуге шақырады.

«Әл Каида» жақтастары болса, ең алдымен бірігіп, Башар Асад режиміне қарсы соғысу керек деп есептеп, хариджиттерді Шамның шииттік елді мекендері мен киелі жерлеріне шабуыл жасауды тоқтатуға шақырады. ИМ сапындағы хариджиттерді ашық кінәлап отырғандардың ішінде АҚШ-тың әскери академиясы «джихадшылардың басты интернет-кітапханасы» деп атайтын иордандық шейхМухаммад аль МАКДИСИде бар.

Бүгінде джихадтық топтар өзара соғысып жатыр, бір-бірін кәпірге шығарып, өздерін өздері құртуда.

Интернеттегі материалдарды, соның ішінде насихаттық бейнероликтерді зерделейтін болсақ, ИМ жағында соғысып жатқан қазақтардың саны шынымен-ақ бірнеше жүздеп саналады. Олар сол жаққа отбасыларымен кетіп жатыр, көпшілігі өздерінің утопиялық «жарқын болашақтары» үшін қаза болды.

Әрине, Сириядағы лаулап тұрған соғыс маңында үлкен ақпараттық майдан жүріп жатыр. Желілерде діндарлардың басын айналдырып, ғаламдық джихадты қолдаушыларды қатарларына тарту жұмыстары белсенді жүруде. Осы алапат идеологиялық «дауылға» қарсы қазақстандық билік сайттарды бұғаттаудан басқа нені қарсы қоя алады екен – міне, үлкен сұрақ осы.

 

ОЙЫНДА НЕ БАРЫ МАҢЫЗДЫ

Орын алған көптеген лаңкестіктер мен арнайы операциялардан кейін бүгінде Қазақстанда тыныштық байқалады. Алайда, осыған қарамастан, экстремистік астыртын әрекеттерге қатысты тұлғалар қамауға алынып, сот істері жалғасуда (Павлодар, Атырау, Алматы). Негізінен оларға Сириядағы соғысқа қатысты және адамдарды соғысқа қатысуға тартты деген айып тағып отыр. Құқық қорғаушылар осы қылмыстық істердің көпшілігі бұрмаланғандығын және билік ұйымдастырған діни алаңды тазарту процесінің бір бөлігі болып табылады деп растайды. Әдетте, сот процесстері жабық режимде өтеді, сондықтан осы топтардан келетін ықтимал қауіпті әділ бағалау мүмкін емес.

Қазіргі уақытта қазақстандық билік өзінің өткен қателіктерінен сабақ алып, үлкен жұмыстар жасағанын мойындау керек. Алайда діни экстремизммен күреске милилардтаған теңге, әкімшілік ресурстар мен күш құрылымдары жұмылдырылды. Саясаткерлер елдегі экстремизмдік қызметке мониторинг жасап, талдау жасаумен айналысады. Өкінішке орай, жұмыс тек діни экстремизм бойынша қылмыстық істермен жете айналысудан, арнайы қызметке баяндамалар дайындап, сотталушылардың өздері мен олардың отбасыларына сауалнама жүргізуден ғана тұрады.

Қазақстанда ешкім әлі нақты экстремистік діни идеологиялардың ықпалы мен таралуына салмақты зерттеу жүргізген жоқ. Өйткені лаңкестік үшін жүздеп түрмеге отырғызады, алайда сарапшылар мен дінбасылардың арасында сотталушылардың нені басшылыққа алғанын, қандай көзқарастарды ұстанғанын түсіндіре алатындар аз.

Талдау оларды негізінен көбінесе діни тәжірибесі үшін отырғызатынын көрсетеді: егер салафит болса, демек, ықтимал лаңкес. Іс жүзінде салафиттік ағымда экстремистік әдістерді мойындамайтын көптеген топтар бар. Екінші жағынан, кейде дәстүрлі мәзхабтарды ұстанатын мұсылмандар жиһадшылыққа барады. Бұл жерде сыртқы тәжірибе маңызды емес, бұл жерде жекелеген діндардың басының ішінде не болып жатқанын түсіну керек. Бізде көбінесе экстремизммен күрестің барлығы ханафит мәзхабы мен салафизмді қарама-қарсы қоюдан, басқа діни-құқықтық ислам мектептерін алалаушылықтан тұрады.

Бұл жерде биліктер біраз қателіктер жіберді, атап айтқанда, Атырау облысында аудан әкімі полицейлермен бірге мешітке келіп, жұма намазына кімдерді жіберу керектігін өзі шешіп, салафиттік белгілері айқын – сақалы бар, шолақ шалбар кигендерді мешіттен қуып жіберген жағдай да орын алды.

Қазақстанның мұсылман жамағаттарында діндарларды сыртқы белгілері бойынша оқшаулату байқалады. Мешіттерде ханафит мәзхабының нормаларында қалыптасқандағыдан өзгеше құлшылық ететіндерді, ДУМК-көзқарасын бөліспейтін және оның беделіне күмәнмен қарайтындарды және т.б. айқындайды. Мұндай тәжірибенің тиімділігі аз, керісінше, бұл шиеленісті күшейтеді. Өйткені салафиттік топтардың басым бөлігі соңғы кездері ДУМК мешіттеріне қайта оралды. Мұндай жасанды оқшаулату мейлі олар ханафиттер болсын, мейлі салафиттер болсын, жиһадтық көзқарасты құпия ұстанып, оларды мешітке келушілерге тарататындар үшін өте қолайлы. Оның үстіне, діндарларды жұмыстан босатып немесе оқу орындарынан шығарып, діни белгілері бойынша тұрмыстық алалаушылыққа жол берушілік те ниеттес жаңа тұлғаларды іздеп тартудағы радикалдардың жұмысын едәуір жеңілдетеді.

Азамат МАЙТАНОВ

26 қараша 2014, 10:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.