Атырау, 24 қараша 10:31
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жүзден жүйрік шыққан «Дарын»

6 137 просмотра

  «Дарын» ер балалар хоры -  6 шілде күні Астана қаласында өткен республикалық «Әнші балапан» фестиваліне қатысып, лауреат атанды.

Бұл фестивалге Өскемен, Тараз, Екібастұз, Шымкент, Астана секілді қалалардан қатысқан вокалдық топтармен бірге, батыс аймақтан Атыраудағы «Дарын» ер балалар хоры ғана шақырылыпты. Оған қатысқан эстрадалық вокал жанры бойынша ансамбльдердің саны 100-ден астам.  «Дарын» бұған вокалдық ансамбль ретінде қатысыпты. Хордың үлкен тобы «Чарли» әнін орындаса, кіші топ «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін шырқады. Ал олармен бірге еріп барған жас әнші Мейірім ИСЛАМҒАЛИ жеке дауыста «Әлия» әнін қалықтатты.

Ансамбль жетекшісі Алтын ЖҰМАТИНА жиылған жұртшылықтың «Чарли» әнін қайталап орындап беруін сұрағанын айтады.

-Телевизияға түсіріліп жатқанда, екінші рет қайталап айту қайдан болсын? Бізден басқа бейнетаспаға қаншама топ түсуі керек. Олардың уақытын алуға болмайды. Жалпы, халықтың біздің балалардың өнеріне деген қошеметі шексіз болды,- дейді жетекші. Айтпақшы, фестиваль соңында Астана қаласының әкімдігі атынан балалардан бөлек, оның өзіне де еліміздің тәуелсіздігіне орай жасалған алтын медаль белгісі сыйға тартылып, фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқаны үшін диплом тапсырылған.

Бөлек тоқтала кететін жайт- Алтын Жұматинаның ер балаларды вокалдық өнерге икемдеуінен бөлек, ән мәнерін ашып, оның табиғатын өнерсүйер халыққа түсіндіру үшін әр әнге сахналық би қимылдарын да ойлап табатыны. Мәселен, «Чарли» әнінде Чарлидің жүрісін салып билеп шығатын өздерінің бишісі бар. Ән орындалып жатқанда Чарли Чаплин болып киінген кішкентай бала сахнада билеп жүреді. Сол секілді басқа да әндерге балалар қимыл-қозғалысты алдын-ала дайындап шығарады

«Дарын» ер балалар хоры 2001 жылы филармония жанынан құрылған болатын. Балалар шетелдерге шығып, едәуір биіктерден көрініп жүр. Олар 2003 жылы Түркияда өткен фестивальде лауреат атанса, 2006 жылы Грецияда өткен байқауда 1-ші орын, 2007 жылы Испанияда өткен байқауда 1-ші орын алды. Ал 2009 жылы Францияда 14 мемлекет қатысқан «Әлем дауыстары» фестивалінде 10 мың адамның алдында өнер көрсетіп, лауреат атанды.  2010 жылы Италияда 13-15 жас аралығында эстрадалық вокал жанры бойынша өткен фестивальге хордың үш әншісі Өмірғали БАУБЕК, Қуандық МОЛДАҚҰЛОВ, Айбек МӘУЛІМ деген балалар барып 1-орынды лауреат атанып келген еді.

Биыл «Дарын» ер балалар хорына - 10 жыл.  Мамырдың  31 күні өткен мерейтойларына сай балалар үлкен концерт берген. 

Бүгінде хорға алғаш қатысқан балалардың жасы 22-ге келді. Олардың әрқайсысы әр түрлі жолды таңдаған. Бірақ, Алтын апайларының еңбегін ұмытпауға тырысады. Алайда уақыт озады, жаңа талант келеді ортаға.  Міне, әдеттегідей тағы да  тамыздың 11-інен бастап, яғни, бүгін аталмыш хор үйірмесіне қабылдау басталды. Хор үйірмесіне қатысу тегін. Оған 12 жасқа дейінгі ер балалар қабылданады.  Өйткені хор жетекшісінің айтуынша, ер балалардың дауыстары 11-12 жастан бастап өзгере бастайды. Сол кезде олардың дауыстарын жаттықтырып, бір арнаға салмаса әдемі дауыс жойылып кетуі мүмкін немесе күткендегідей болып шықпайды. Ал вокал сабақтары әдемі дауысты сақтап қалуға және қалыпты болуына үлкен көмек. Жетекші осы кезеңнің ән өнерін таңдаған бала үшін де, өзі үшін де оңай болмайтынын айтады.

Хор  күзге қарай вокалдық топ ретінде Австрияның Вена қаласында өтетін үлкен шараға қатысуды жоспарлап отыр. Біз Атырау мақтанышына айналған хор балаларына сәттілік тілейміз!  

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

11 тамыз 2011, 15:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.