Атырау, 21 желтоқсан 14:54
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 413 просмотра

Төрт жеңіс және «алтын»

Атыраулық спортшы Ернар Қожахметов Астанада өткен әлем чемпионы Руслан Мұқановты еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыстан ірі халықаралық турнирде жеңімпаз атанды. 

55 келіге дейінгі салмақта күш сынаған Ернар 4 айқас өткізді. 1 кездесуінде ол қарсыласын нокаутқа жіберсе, қалған айқастарда ұпай санымен жеңді. Атырау қаласының тағы бір өкілі Наурызбек Мусин (60 келіге дейін) жартылай финалға шыға алмай, жүлдесіз қалды. Спортшыларды облыстық джиу-джитсу федерациясының төрағасыХайдар Есенғалиев жаттықтырады. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

***

 

Ереваннан қара белдікпен келді

Ереванда сенсей Шигеру Сугавара (7 дан Хомбу Додзё) жетекшілігімен айкидодан халықаралық семинар мен фестиваль өтті.

Семинарды Арменияның айкидо айкикай федерациясы ұйымдастырды. Осы халықаралық форумға Қазақстан Республикасы атынан Атырау облыстық айкидо айкикай федерациясы (президенті Нұрлан ШАЙХИЕВ, 3-дан) қатысты. Семинар аясында Армения, Ресей, Грузия, Литва өкілдерінің қатысуымен фестиваль болды. Семинардың қорытындысы бойынша айкидо айкикайдан қара белдік алу құқығына аттестация мен дан-тест өткізілді. Атыраулықтар арасынан 2-данға Александр Маркелов, 1-данға Миннеахмет Атабаев, Асхат Қанатов, Денис Лачугин, Максим Ульчёнков, Қайрат Жамауовтар емтихан тапсырды. Семинар татулық жағдайында өтіп, қатысушыларға айкидоны тануда тағы бір құнды тәжірибе болды. Спортшылар облыстық туризм және спорт басқармасына (басшысы Нұржан Ермұханов) қолдау көрсеткені үшін алғыс айтады.

 

***

 

«Судоремонтник» және «Мұнайшы» стадиондарында 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер командалары арасында футболдан Атырау қаласы әкімінің кубогы өтті.

Турнирге «Ертіс-99» (Павлодар), «Ротор-99» (Волгоград), «Волгарь-99» мен «Волгарь-2000» (Астрахан), «Каспий-99» (Ақтау), «Ақтөбе-99», «Астана-99» және «Атырау-99» командалары қатысты. Естеріңізге салсақ, 2013 жылы «Атырау-99» командасы Қазақстан чемпионы атанды. Футбол алаңындағы айқас төрт күнге созылды.

3-орын үшін болған ойында екі астрахандық команда кездесті. Жасы үлкендері мықтылығын танытты.

«Атырау-99» және «Ротор-99» командалары арасында өткен финалдық матч «Мұнайшы» стадионында өтті. Алаң иелеріне қолдау көрсетуге бірталай жанкүйер жиналды.

Ойынның алғашқы минуттарында қонақтардың шабуылшысы Денис Шманенко гол соғып, алға шықты. Бірінші таймның аяғында Павел Кобзев «Ротордың» басымдығын еселеді. Ойынның екінші кезеңінде Қуаныш Қабдоловтың шәкірттері есепті қысқартты. Гол соққан – Ерхан Таласбаев. Алайда алаң иелері бұдан артық еш нәрсе жасай алмады. Ал, ойынның аяғына таман волгоградтықтар тағы бір салды. Қорытынды есеп – 3:1, «Ротор» жеңіске жетті.

Волгоградтықтар Кубокпен бірге қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВТЫҢ қолынан 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. «Атырау-99» командасына күміс медальдар мен 120 мың теңге тарту етілді. «Волгар-2000» командасының жігіттері «қола» медаль мен 80 мың теңге алды.

***

 

Күзгі каникул күндері «Спорт нашақорлыққа қарсы» ұранымен облыстың жалпы білім беретін мектептері мұғалімдерінің арасында спартакиада өтті.

Жарысқа Атырау қаласы және жеті ауданның педагогтары қатысты. Алтын жүлделердің иелері: Нұрлан Сейқуатов (шахмат), Әділет Фазығалиев (үстел теннисі), Ерболат Алпысбаев (тоғызқұмалақ). Волейбол мен баскетболдан Атырау қаласы командалары жеңіске жетсе, гандболдан Құрманғазы ауданының құрамасы жеңімпаз атанды. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

20 қараша 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.