Атырау, 22 қараша 09:45
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Шахановтың шындығы

5 149 просмотра

Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар ШАХАНОВТЫҢ (суретте)шығармашылық кеші өтті.  

Ол Атырауда шығармашылық кешін соңғы рет 11 жыл бұрын өткізіпті. Атырау халқы Мұхтар ағаны қатты сағынып қалған екен. Оны халық орнынан тұрып қарсы алды, әңгімелерін ұйып тыңдады.

 

ОНЫҢ ПІРІ

Мұхтар ағаның біздің өңірге деген құрметі бөлек. Өйткені, ол осы өлкенің перзенті батыр Махамбетті ерекше қастер тұтады. 

- ...Абай ұлы ақын, оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ сөзі мен ісінің арасына айырма салмаған бірден-бір тұлға – ол Махамбет. Сөзі қандай болса, ісі де сондай болды (залда қошемет). Бүгінгі таңда Қазақстан жазушылар Одағында 777 мүше бар. Солардың 7-8-і ғана ұлттық мүдде күресінде бізбен бірге келеді. Ал, қалғандары «ұлтты,  тілді сақтауымыз керек, сол үшін күресуіміз керек» дейді. Ал, іске келгенде бәрі үстелдің астына кіріп кетеді (қошемет). Егер сол 777 жазушының ең болмағанда 70-і бізбен бірге болса, онда жағдай басқаша болар еді. Билік біздің ісіміз бен сөздеріміздің көбіне назар аударар еді. Кім шындығын жоғалтып алса, кім ақты ақ, қараны қара деп айта алмаса, яғни, сөзі басқа, ісі басқа болса және ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, ұлтының бүгінгі жағдайына жаны ашымаса, жүз жерден үлкен ақын, жазушы, ғалым немесе тіпті, саясаткер болсын, құны көк тиын.

 

АНА ТІЛІ ЖАЙЫНДА

- ...Мысалы, өткен ғасырдың 20-жылдары үлкен даңқ биігіне көтерілген Әліби Жангелдин деген қайраткер болған. Ол: «Қазақ тілінің не керегі бар, орыс тілінде сөйлей бермейміз бе?» деген болатын. Ол билікке жағымпазданып, өзінің фамилиясын өзгертіп, Степнов ретінде белгілі болды. Тіпті, дінін ауыстырып, мұсылмандықтан бас тартып, христиандықты қабылдаған. Ал, қазір елімізде сол кісінің атында толып жатқан мектептер, көшелер бар. Тіптен, Қостанай облысындағы бір аудан сол кісінің есімімен аталады. Сондай-ақ, бір тарихшы ана тілінің маңыздылығына шүбә келтіріп, «қазақ тілінің не керегі бар? Оны біз музейге қоюымыз керек» деді.

Ал, ұлтты да, тілді де Құдай жаратқан, бұл - жеке адамның қолынан келетін шаруа емес. Мысалы, Жапонияда бала 12 жасқа келгенше тек қана ана тілімен тәрбиеленеді, өйткені, осы жасқа дейін ол тілінің ерекше қасиетін бойына сіңіріп, ұңғыл-шұңғылын оқып, меңгеріп шығады. Балалар ана тілін терең меңгерген соң барып қана өзге тілдерді үйренеді. Ал, бізде үш жасар балаға балабақшада орыс және ағылшын тілдерін оқытады, ал қазақ тілін оқытпайды. Ата-аналары балаларымен өз үйлерінде ана тілінде сөйлеседі деп есептейді екен. Бұл - үлкен қателік. 

 

НАУРЫЗ ТОЙЫ ҚАЛАЙ ЖАҢҒЫРДЫ?

- 1926 жылдан бастап Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынған болатын. Әрбір жанұя мерекені өз үйінде өзінше атап жүрді, бірақ мемлекеттік деңгейде тойланған емес. Осыған орай мен 1988 жылы Колбинге хат жаздым. Ол менің хатымды Қазақстан Компартиясы ОК-нің бюросында қарапты. Сол кезде менің бастамамды екі-ақ адам қолдаған - оның бірі сол кездегі министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан Компартиясы ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков, қалған 11 адам қарсы дауыс беріпті. «Міне, сондықтан біз Наурыз мерекесін өткізе алмаймыз», - деді Колбин. Сонда мен оған: «Геннадий Васильевич, Желтоқсан оқиғасы екі ұлттың арасына сына қақты. Сізге де бүкіл қазақ жылан жиырылғандай қарайды. Егер сіз Наурыз мерекесін тірілтіп берсеңіз, бүкіл қазақ сізге басқаша көзбен қарайтын болады», - деп едім, Колбиннің жүзі жайнап кетті. «Олай болса, мен Горбачевті қалай болса да көндірем», - деді ол. Соның алдында мен Назарбаевпен жолыққанмын. Ол: «Осының бәрі ақшаға тіреледі. Мен бұл мәселені шешіп берейін, ақшаны тауып беремін», - деді. Содан кейін біз дайындықты бастап кеттік. Наурыз қарсаңында мен Колбинге барып, «Ертең өзіңіз келмесеңіз, болмайды» деп едім, ол ОК бюросын өткізетіндіктен келе алмайтынын жеткізді. 

Сөйтіп, Горький саябағында жүз мыңнан астам халық жиналды! Ал, бұл Желтоқсан оқиғасынан кейін 10-15 адамның жиналуына тыйым салып қойған кез еді. Жұрттың бәрі бірін-бірі құттықтап, құшақтап, сүйісіп жатты. Кейін біреу Колбин келіп тұрғанын айтты. Қарасам, шынында да Колбин екен. Мен оған: «Сіз сөз сөйлеуіңіз керек» деп едім, ол: «Жоқ, мен қалай болады екен деп қауіптеніп едім, дұрыс жасаппын, әрі қарай жалғастыра беріңдер» деді де, кетіп алды. Міне, сол жылы Наурыз мерекесі қыркүйек айының аяғына дейін атап өтілді. Келесі жылы Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, т.б. республикалар қосылды.

 

ОЛ НЕГЕ «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» БОЛМАДЫ?

- Кезінде маған «Халық қаһарманы» атағын бермекші болды. Премьер-министр келіп, бәрі қол қойғанын, енді жалпақ жұртқа жариялайтындарын хабарлағанда, мұндай награданы алу менің өмірлік ұстанымдарыма сәйкес келмейтінін айтып, бас тарттым. Ол ұстанымдарым жайлы айтуымды сұрады, мен айттым: «Отан - біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрметтелуі керек. Бірақ Отан да өзінің дараланған перзенттерін марапаттап отыруы шарт. Бірақ ол өте әділетті болуы керек. Ал, бізде кез келген түрмеде шіруге тиісті ұрының екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді».

 

ШАХАНОВТЫҢ «ҮЛКЕН ҚЫЛМЫСЫ»

- Біз кезінде «Халық рухы» партиясын құрдық. Мыңдаған адам қатарымызға енді. Бірақ сол партияны осы күнге дейін тіркемей келе жатыр. Біз алты облысты араладық, барлығы орындарынан тұрып, қол соғып қарсы алады. «Біз бәріміз «Отан» партиясының мүшелеріміз. Бірақ ұлттық мүдденің басында сіз келе жатырсыз, сондықтан біз сізге дауыс береміз» деді. Ал, бұл сөздерді біреу жазып алып, «тиісті жерге» көрсеткен ғой. Сол кезде олар Шахановтың осал жерін немесе қандай да бір қылмысын табуды бұйырған. Менің үлкен бір қылмысымды тапты. Ол қандай қылмыс дейсіздер ғой. Енді өзім де сол қылмысты айтуға ұялып отырмын. Сөйтсем, мен 37 теңге салық төлемей қойыппын. Сонда мен сайлау комиссиясының төрағасына риза екенімді айтып: «Сіз өте үлкен қылмыскерді ұстадыңыз. Сіз өте қырағы екенсіз. Егер мен 37 миллиард доллар ұрлаған болсам, маған барлықтарыңыз құрметпен қарар едіңіздер. Осы қырағылықтарыңызды жалғастыра беріңіздер» дедім (қошемет, зал ду күлкі).

Жазып алған Айнұр САПАРОВА

20 қараша 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.