Индербор поселкесінде бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арналған бір пәтерлік 10 үйдің және 60 пәтерлік үш қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
- Жаңа үйлер пайдалануға берілсе, баспана кезегі, сәл де болса, азаяды. Бірақ шаршы метрлерге сұраныс сонда да үлкен – баспана кезегінде 600 адам тұр, -дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Орынғали ХАСАНОВ.- Поселкеде апатты жағдайда тұрған тозығы жеткен үйлер жетерлік. Олар 50-60 жыл бұрын салынған. Сол себепті жаңа баспананы бірінші болып аз қамтылған және көпбалалы отбасылар алады.
Тұрғын үйлерді тапсыру мерзімі – 2015 жылдың мамыры. Дегенмен, мердігерлер құрылысты мерзімінен бұрын бітіруге жұмыстануда.
- Бүгінде жұмыстың 85 пайызы атқарылды. Сыртқы жұмыстарды күн жылыда бітіріп алдық, -дейді «КазконстракшнГрупп» ЖШС-нің учаске бастығы Бектас БИҒАЛИЕВ.- Енді ішкі жұмыстар қалып тұр: сылақ, еден төсеу, кафельдеу, есіктер салу. Біз үйді осы жылдың 16 желтоқсанында - Тәуелсіздік күніне орай бітіруге тырысудамыз. Кідіріс болмас үшін Ресейден келетін құрылыс материалдарына алдын ала тапсырыс беріп қойғанбыз.
Бюджеттік қызметкерлерге арналып салынып жатқан бір пәтерлік 10 үйдің құрылысы да бітуге жақын. Шатырын жабу жұмыстары қалды.
- Алпыс пәтерлік екі үйдің құрылысына бюджеттен 956 млн теңге, бір пәтерлік он үйге 169 млн теңге бөлінді, -дейді аудандық сәулет, құрылыс және қалақұрылысы бөлімінің бастығы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ. –Қазір келесі жылы тағы бір алпыс пәтерлік тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат жасақталуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА