Молдовалықтар парламенттің ЕО-мен ассоциация келісімін мақұлдайтын күні көшеге шықты. Кишинев, 2 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет). Еуропарламент қарашаның 13-інде Еуропа Одағы (ЕО) мен Молдова арасындағы ассоциация туралы келісімді ратификациялады. Құжатты 535 депутат қолдап, 94 депутат қарсылық білдіріп дауыс берді.
Құжат күшіне ену үшін оны ЕО-ға мүше барлық 28 мемлекеттің парламенті мақұлдауы қажет болатын. Бірақ соған қарамастан құжат ЕО кеңесінің шешімімен қыркүйектің 1-інен күшіне енген. ЕО кеңесі құжатты Молдова келісімде қарастырылған экономикалық жеңілдіктерді тезірек пайдалана берсін деген мақсатпен күшіне енгізген. Келісім Брюссель мен Кишинев арасында барынша тығыз саяси байланыс орнатып, сауда қатынастарындағы кедергілерді жою үшін жасалған.
Ресей ЕО мен бұрынғы совет республикаларының арасында мұндай келісімдердің қабылдануына қарсылық танытып, келісімдер өзінің экономикалық мүддесіне зиян шектіреді дейді.
ЕО мен Молдова өкілдері өзара серіктестік қандай да бір арандатушылық ретінде түсінілмеуі тиіс деп мәлімдейді.
Молдова парламентінің спикері Игорь Корман бұған байланысты "Бұл келісім ешкімге қарсы бағытталмаған. Келісім Молдова азаматтарының пайдасы үшін жасалды" деген.
ЕО мен Молдова арасындағы ассоциация туралы келісімге биыл маусымның 27-сінде қол қойылып, оны Молдова парламенті шілденің 2-сінде мақұлдаған.
Дереккөз: Азаттық радиосы