14 қарашада Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде облыс активінің 11 қарашада жарияланған «Нұрлы жол – Болашаққа бағыт» атты президент жолдауын талдаған жиналысы өтті.
АСТРАХАН ТРАССАСЫНА АҚША БЕРЕДІ
Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ мұнай бағасының күн сайын түсіп жатқанын, Ресей рублінің құлдырап, бұл үрдістің келесі жылы да жалғасатыны болжанып отырғанын атап өтті. Дағдарыс жағдайында ҚР президенті Ұлттық қордан экономиканы дамытуға 500 млрд теңге көлемінде екінші транш бөлу туралы шешім шығарды. Атап айтсақ, Ақтөбе-Атырау-Астрахан автокөлік жолын қайта салуға қаржы бөлінеді. Жолдауда Атырау-Астрахан жолы туралы айтылған. Алайда әкім магистралды трассаның атын толықтай айтты.
Б. Ізмұхамбетовтің айтуынша, жолдауды орындау аясында келесі жылы газдандырылмаған Азғыр аймағы мен Қызылқоға ауданының ауылдары газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, Азғырға электр желісі тартылады, сол жақтың тұрғындары әлі күнге дейін электр қуатын Ресейден алып отыр.
ЖАС ЖҰБАЙЛАРҒА КЕҢЕС
Президенттің жолдауында азаматтар үшін қолжетімді баспана құрылысы жалғаса береді деп айтылды. Облыс әкімі осы жылдың соңына дейін Атырауда жас отбасыларға арналған 90 пәтерлік үй қолданысқа берілетінін хабарлады. Пәтерлерге ие болу үшін 1420 отбасы құжат тапсырған. Келесі жылы облыс орталығынан жас отбасылар үшін 120 пәтерлік жатақхана мен 120 пәтерлік үй салынады. – Президентке хат жазбаңыздар! Хаттарыңыз қаралу үшін бәрі бір менің алдыма келеді. Үйлерді бөлумен қала және аудан әкімдері айналысады. Тұрғын үйлер кезек бойынша және заңға сәйкес бөлінеді,- деп сөзін тұжырымдады әкім.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ