Атырау, 21 желтоқсан 14:58
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Ортанқол командадан чемпионға дейін өстік»

1 614 просмотра

«ҚазТрансОйл» командасы әуесқой командалар арасында футболдан облыс чемпионатының алтын медалін ұтып алды. Біз команданың бапкері Виктор ЖАМБАУМЕН әңгімелестік.


«ЖС» анықтамасы:

Виктор Ерғазыұлы Жамбау, 45 жаста, әуесқой футболшы.

Командамыз ешқашан облыс чемпионатын ұтқан емес, үнемі турнир кестесінің ортасында жүретінбіз. Ал биыл жүлдеге қол жеткіздік, анау-мынау емес, алтын медаль алдық.

Футболдан облыс чемпионатының алдын ала кезеңінде өз тобымызда 2-орын алып, финалдық кезеңге жолдама алдық. Облыстық чемпионат жоғары деңгейде өтті. Бұл жерде облыстық футбол федерациясының президенті Шыңғыс Мұқан мен вице-президенті Эдуард Хисметуллиннің еңбегі зор.

-Оқырмандар үшін нақтылап жіберейік. Әңгіме мини-футбол емес, «үлкен» футбол туралы ғой...   

- Иә. Ойындар «Судоремонтник» және «Ривьера» стадиондарының стандартты алаңдарында өтті. Финалдық кезеңге 8 команда қатысты. Бірқалыпты ойынымыздың арқасында біз турнир аяқталуға бір тур қалғанда облыс чемпионы атандық.

-Ең ауыр матч қай ойын болды?

-Соңғының алды-26 қазанда «Болат» командасымен болған ойын. Жыл ішінде «Болатпен» бірнеше рет кездестік, барлық ойындарымыз да тең аяқталған. Біз үшін ең ыңғайсыз қарсылас. Бұл кездесуде ойынның бастапқы минуттарында гол жіберіп алдық. Содан кейін теңестіріп, алға да шықтық. «Болат» та қарап қалмады, есепті теңестірді. Алайда ойын аяқталуға санаулы секундтар қалғанда шешуші гол соғудың сәті түсті. Қарсыласымыз осы жеңіспен бізді шын жүректен құттықтады. Бұл ойын олар үшін шешуші матч емес еді, алайда, бізге «алтын» әкелді. «Күміс» «АМӨЗ», «қола» «Жұмыскер» командасына бұйырды.

-Командаңызда кәсіби футбол ойыншылары ойнай ма?

-Біздің командамызда «Атырау» футбол клубы дайындық тобының «Атырау» командасының қосалқы құрамына іліге алмай қалған шәкірттері бар. «Атыраудың» бұрынғы негізгі құрам ойыншысы Сәкен Шомаев та ойнайды. Ең тәжірибелі ойыншымыз – Сұлтанбек Ерғалиев. Жас ойыншылар Талап Есениязов және Асыланбек Амандық, сондай-ақ қақпашы Сұлтан Рақымжанов керемет маусымдарын өткізді. Биылғы облыстық чемпионатта «ҚазТрансОйл» командасы бәрінен көп гол соқты – 24. олардың тең жартысы жас шабуылшы Әділет Тәжіғұловтың еншісінде.

- Өзіңіз ойнадыңыз ба?

-Алдын ала кезеңнің бірнеше матчында ойыншыларды ауыстырдым. 1 қарашада «NCPOС» командасымен өткен соңғы ойында 90 минут толық ойнадым. Біз 2:4 есебімен ұтылып қалдық, бірақ бұл ойын ештеңе шешпеді.

«ҚазТрансОйл» компаниясына, Батыс филиалы басшылары Фердинат Абрахимович Мамоновқа, Виктор Сагитович Черкасскийге, компанияның спорт жетекшісі Ербол Құрайышұлы Шамұратовқа зор алғысымызды айтамыз.

-Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Желтоқсан айында басталатын мини-футболдан Атырау қаласы чемпионатына дайындаламыз. Мұнда «ҚазТрансОйл» командасы Жоғары лигада ойнайды. Сонымен қатар, біз 3-лигада ойнайтын «ҚазТрансОйл-2» командасын құрғымыз келеді. Чемпионаттағы жеңістен кейін қатарымыз толыға түсті...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

13 қараша 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.