Кеңес Одағының батыры Қайырғали СМАҒҰЛОВ«Атырау-Керчь» әскери-патриоттық экспедициясының қатысушылары өздерінің «Отты жерге» (Огненная земля) барған сапарлары туралы әңгімелеп берді. 1943 жылы кеңес армиясы солдаттары ерлікпен қорғаған Қырымдағы плацдарм осылай аталады. Сол ерлердің арасында жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Қайырғали СМАҒҰЛОВ та болған еді.
Атырау делегациясының сол сапарына арналған баспасөз конференциясы «Жайық Ақпарат» баспасөз-клубында өтті. Экспедицияны белгілі атыраулық іздеуші Талғат ІЛИЯСОВ басқарды. Соғыс қаһармандары туралы бейнебаяндар жасап, ғаламторға салу арқылы елге танымал болған оны Ресей мен Белоруссия да жақсы біледі екен. Бүгінде Талғатқа бұрынғы ортақ отанымыздың көп жерінен алғыс хаттар жиі келеді. Керчь-Эльтиген десант операциясының 71 жылдығына арналған іс-шараларға қатысуға барған делегацияның құрамында Қайырғали Смағұловтың келіні Мария ӨТЕПҚАЛИЕВА, сондай-ақ, жастар ұйымдары мен қалалық әкімдік өкілдері де болды. Олар десантшы-жауынгерлердің бауырластар қабіріне барып, Эльтиген десанты тарихы музейіндегі митингке қатысты. Мария Өтепқалиева музейге сол сұрапыл шайқасқа қатысқаны үшін алған Қ. Смағұловтың медалін, сондай-ақ, батыр жауынгер туралы кітап пен отбасы альбомын тарту етті.Экспедицияға «Ембімұнайгаз» компаниясы қаржылық қолдау көрсетті.
1943 жылғы 31 қазан мен 11 желтоқсан аралығында өткізілген Керчь-Эльтиген десант операциясы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ірі теңіз десанттық операциясы болып саналады. Оған 130 мың адам қатысқан.
Делегациямыз ауа райының келеңсіздігінен Керчь бұғазына 11 сағатта өтіпті.
- Осы уақыт бойы түнімен ардагерлер бізді күтті. Олар әр паромның алдынан шығып, жолаушылар арасынан бізді іздепті. Біздер келгенде туғандарындай қарсы алды! - дейді Мария Өтепқалиева. Ол, сондай-ақ, батыр атасы туралы естеліктерімен бөлісті. Қайырғали Смағұлов өте қарапайым адам болған, соғыс туралы көп еске алуды қаламады, алайда, жастармен кездесуден ешқашан бас тартпайтын.
Қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА Қайырғали Смағұлов атындағы Томарлы орта мектебінің директорына батыр қала Керчь топырағы салынған капсула-оқшантайын табыс етті. Бұл топырақ 1944 жылы салынған Даңқ ескерткішінен алынған екен. Енді бұл экспонат мектеп мұражайында сақталатын болады. Г. Шәкірованың айтуынша, Жеңістің 70 жылдығына орай Эльтиген ауылының бір көшесі біздің атақты жерлесіміздің атымен аталмақшы.
Атырауда Жеңістің 70 жылдығын тойлауға қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Біздің облысымыздың өзінен бұл сұм соғысқа 40 мыңдай адам шақыртылған. Майдангерлер тізімін реттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл - үлкен шыдамдылықты қажет ететін жұмыс. Жауынгерлер туралы мәліметтер әркелкі, кейде адам есімдері әр жерде әр түрлі жазылып, тізімде әр түрлі сандармен нөмірленген. Сонымен қатар, кейде соғысқа барғысы келген еріктілер өз жастарына екі-үш жыл қосып жазған. Қазір тізімдермен әскери комиссариатта және Мұнай және газ институтында екі топ жұмыс жасап жатыр, ғаламтор арқылы іздеу жұмыстары жүргізілуде.
Зульфия ИСКАЛИЕВА